Accessibility links

Плагиат дауына қалған білім және ғылым вице-министрі қызметінен кетті


Фатима Жақыпова.

Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова қызметінен босатылды. Бұл туралы 13 қарашада білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Өткен аптаның соңында білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан Жақыпованың алдағы уақытта басқа жұмысқа ауысатынын, қазір сол процедура жүзеге асып жатқанын хабарлаған. Ал оның алдында сенат депутаты Еділ Мамытбеков премьер-министр Асқар Маминнің атына сауал жолдап, "ғылыми жұмысы плагиат болып шыққан" Жақыпованы қызметінен босатуды сұраған. Мамытбековтің сөзінше, әлемде мойындалған ғылыми жұмыстарды тексеретін жүйе Жақыпованың диссертациясынан плагиат тапқан.

11 қарашада Жақыпова айыптауды жоққа шығарып, Facebook парақшасында өзіне "ақпарат құралдары арқылы шабуыл жасалып жатқанын" жазған.

"Компьютердің тексерісіне қарап шешім қабылдау дұрыс емес. Бірақ кейбір адамдар сол деректерге сүйеніп, плагиат туралы айтып жүр. Осы арқылы бүкіл қоғамды шатастырып жатыр" деп жазған еді Жақыпова постында.

Ғылым және білім саласын қадағалайтын комитет Жақыпованың докторлық диссертациясын тексеруге негіз жоқ деп мәлімдеген.

Биыл тамызда білім және ғылым министрлігі мемлекеттік сатып алу және әкімшілік жұмыстар департаментінің директоры Анар Қайырбекова әріптестерінің тарапынан қысым жасалып жатқанын мәлімдеген. Қайырбекова сол кезде білім министрлігінде мемлекеттік тапсырысқа бөлінген бірнеше миллион теңгенің заңсыз жұмсалғанын айтқан. Жақыпова Қайырбекованы "шантаж жасамақ" деп айыптаған. 21 қазанда Анар Қайырбекова Шымкенттегі университеттің ректоры болып тағайындалған.

Қайырбекова білім және ғылым министрінің тағы бір орынбасары Рүстем Биғариді және министрліктің жауапты хатшысы Арын Орсариевті де "жемқорлыққа қатысы бар" деп айыптаған. Орсариев кейін қызметінен босатылғанымен, қазан айында "Ғылым қорының" басшысы болып тағайындалды.

Фатима Жақыпова – экономика ғылымдарының докторы. Биыл сәуірде білім және ғылым министрінің орынбасары болып тағайындалған. Ол бұл қызметке дейін президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры болған. Оның алдында Назарбаев университетінде мемлекеттік саясат мектебінің атқарушы директоры, білім министрлігінде жоғарғы білім департаментінің директоры қызметін атқарған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкерлері өтемақы алмағанына наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00
XS
SM
MD
LG