Accessibility links

Босап шығуына аз қалғанда Ағаділдің изолятордан "қашып шыққаны" хабарланды


Белсенді Дулат Ағаділ.

13 қарашада әлеуметтік желіде белсенді Дулат Ағаділдің уақытша қамау изоляторынан "қашып шыққаны" туралы ақпарат тарады. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 14 қарашада Facebook-тағы парақшасында "полицияның Ағаділді іздеуге жеке құрамды жіберу туралы бағыттаманың" (ориентировка) скриншотын жариялады. Құқық қорғаушы белсендінің "шынымен де изолятордан қашып шыққанына" көз жеткізу үшін қамау орнына адвокаты баруы керегін айтты.

"Біз Дулаттың тірі, дені сау екеніне, полицияның оны азаптамағанына көз жеткізгіміз келеді. Өкінішке қарай, полицияға сенім жоқ, себебі қамау орындарында өлім мен суицидтің кездесуі - қалыпты норма" деп жазды Бақытжан Төреғожина.

Дулат Ағаділдің адвокаты Данияр Ақтанов бейсенбі, 14 қарашада таңертең Азаттық тілшісіне белсендіге қатысты ақпараты жоғын, уақытша қамау изоляторына кіруге рұқсаты жоғын айтты.

"Қашып кетті ме, қашып кеткен жоқ па немесе оны ол жақтан алып кетті ме, әлде басқа ма, ештеңе белгісіз" деді ол.

Tirek.info сайтының жазуынша, 4 қарашада сот Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының тұрғыны Дулат Ағаділді "полицияға бағынбағаны үшін" он тәулікке қамаған. Оның алдында белсенді "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 15 тәулікке қамалып шыққан. Ол Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы уақытша қамау орнынан 14 қарашада бостандыққа шығуы тиіс болған. Босап шығуына бір күн қалғанда белсендінің "қамау орнынан қашқаны туралы" ақпараттың шығуы жақтастарын және құқық қорғаушыларды түрлі жорамал жасауға итермелеп отыр. 14 қарашада Нұр-Сұлтанда бір топ адам прокуратура алдына жиналып, белсенді туралы мәлімет беруді талап етті.

Әлеуметтік желіде Нұржан Сеитжанов есімді қолданушы 13 қарашада кешке Facebook-та тікелей эфирге шығып, полицияның Ағаділді іздеп, үйінде "тінту жүргізгенін" хабарлады.

Кейбір қолданушылар Ағаділдің үйінде де тінту болғанын жазды.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Темірханқызы 14 қарашада Азаттық тілшісіне сәлден кейін хабарласуды өтінді. Одан кейін телефонына мүлде жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG