Accessibility links

Ресейдің Амур облысында колледжде атыс болды


Атыс болған аудиторияны суретке түсіріп жатқан тергеу органының өкілі. Амур облысы, 14 қараша 2019 жыл.
Атыс болған аудиторияны суретке түсіріп жатқан тергеу органының өкілі. Амур облысы, 14 қараша 2019 жыл.

14 қарашада таңертең Ресейдің Амур облысының әкімшілік орталығы Благовещенск қаласында колледжде атыс болып, бір адам өлді, үш адам жараланды. Бұл ақпаратты ТАСС агенттігі хабарлады.

Атыс кезінде жараланған 17, 19, 20 жастағы үш адам ауруханаға жеткізілген, дәрігерлер екеуіне операция жасаған.

Агенттіктің жазуынша, Амур құрылыс және коммуналды шаруашылық колледжін қоршаған полицейлер екінші қабаттан қаруы бар 19 жастағы студентті көрген. Ол полиция қызметкерлерін көре сала оқ атып, полицейлермен атысқан. Ақпарат бойынша, сәлден соң студент өзін атқан. Полицейлер қару-жарақ студенттің атына тіркелгенін анықтады.

Интернетте жарияланған видеода бір студенттің қансырап жатқаны, жанында бір әйелдің орамалмен қанды тоқтатуға тырысып жатқаны көрінеді.

Куәгерлер сөзіне сүйенген жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 10-да болған. Кешіккені үшін аудиториядан шығарылған студент айналадағы адамдарды ата бастаған. Куәгерлер кемінде бес рет оқ атылғанын естіген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG