Accessibility links

Ресей ғалымдары шетелдіктермен араласуды шектейтін бұйрықты жоюға шақырды


Ресей ғалымдары. Көрнекі сурет.
Ресей ғалымдары. Көрнекі сурет.

Ресейдің ғылым академиясы білім және ғылым министрін ғалымдардың шетелдіктермен араласуын шектейтін бұйрықты жоюға шақырды.

Құрамында бірнеше мың мүшесі бар ғылым академиясының бас ассамблеясы қабылдаған резолюциядағы дерекке сәйкес, бұйрық Ресей ғалымдарын шетел әріптестерімен бір бөлмеде оңаша әңгімелесуге тыйым салады, ғылым академиясына кіргісі келетін шетелдіктерді үкіметтен алдын ала рұқсат сұрауды міндеттейді. Бұған қоса, ғылыми мекемелерде ұялы телефон, камера, бинокль сияқты құралдарды қолдануға шектеу салады. Ғалымдардың пікірінше, мұндай ереже ғылымның дамуына кедергі жасайды.

"Ғылым академиясы бас ассамблеясының мүшелері ғылым дамуы үшін ғылыми идеялармен алмасу өте маңызды деп санайды. Ерекше тақырыптар бойынша жұмыс істейтін сарапшыларға онсыз да шектеу көп. Осы себеппен қосымша шектеу қоюдың қажеті жоқ" делінген резолюцияда. Оған шамамен бас ассамблеяның екі мыңнан астам мүшесі қол қойған.

Ғылым академиясының бас ассамблеясы сонымен бірге жақында "оптикалық құрылғылар контрабандасы ісі" бойынша полицияның физика институты мен оның директорының кеңсесінде тінту жүргізгенін де айыптаған.

Жаз айында Ресейдің ғылым және білім министрлігі шетел азаматтарының ғылыми мекемелерге кіруін шектейтін бұйрық шығарғаны жөнінде ақпарат тараған. Бұйрық шетел ғалымдарымен кездескісі келетін Ресейдің ғылыми ұйымдарын кездесу жайлы министрлікті алдын ала ескертіп, кездесуден кейін есеп тапсыруға міндеттейді. Осыған дейін де бірқатар ғалымдар бұйрықты сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG