Accessibility links

Шымкенттік белсенді біреулердің көлігіне иттің басын тастап кеткенін айтады


Белсенді көлігінен иттің басын тауып алғанын айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов белгісіз біреулер көлігінің терезесін шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткенін айтты. Белсенді полицияға шағым түсіргенін жеткізді. Шымкент қалалық прокуратурасы осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалғанын, күдіктілер іздестіріліп жатқанын хабарлады.

Белсендінің сөзінше, «19 қараша түнгі сағат 00:30 шамасында сыртқа шыққанда көлігі бүлінбегенін байқаған. Таңертең балаларын мектепке алып бару үшін көлігін от алдырмақ болғанда ішінде иттің басын көрген».

- Көлік есігінің сыртына «Мал», үйдің қоршауына «Шестерка, сатқын!» деп жазған, көліктің екі дөңгелегін пышақпен жарғанын байқадым. Бұл – менің саяси көзқарасыма байланысты жасалған ескерту, қорқытып үркіту. Бұған дейін «Қытай экспансиясына» қарсы екенімді ашық айтып келдім. Әлі де айтамын, қарсымын, - дейді Нұржан Мұхаммедов Азаттыққа.

Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов көлігінің жанында тұр. Шымкент, 19 қараша 2019 жыл.
Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов көлігінің жанында тұр. Шымкент, 19 қараша 2019 жыл.

Оқиғаны естіген оннан аса белсенді түстен кейін Мұхаммедовтің ісін бақылауға алуды талап етіп қалалық прокуратураға барды. Наразы белсенділердің бірі Ерғали Құлбаев «Бұл жағдай басқа белсенділердің үйінде қайталанбауына ешкім кепілдік бермейді» деді.

Кезекші прокурор белсенділердің шағымын қабылдап алып, істі қалалық прокуратураның бақылауында екенін жеткізді.

Нұржан Мұхаммедов бұған дейін Шымкентте билікке қарсы және «Қытайдың Қазақстандағы зауыттарына қарсы» бірнеше рет наразылыққа шыққан (Қыркүйектің басында бірнеше қалада Қытайдың Қазақстандағы 55 жобасына қарсы наразылық шаралары өткен. Кейін билік осы шараға қатысқан ондаған белсендіні әкімшілік жауапқа тартып, бірнеше күнге қамаған). Сот Мұхаммедовті «бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» деп 10 және 5 тәулікке қамаған. Шымкент тұрғыны 2018 жылы шілде айында жанұясымен бірге қала әкімдігіне барып, «полицияның қудалауынан шаршағанын» айтып, өзін-өзі өртемек болған. Оны әкімдік қызметкерлері құтқарып қалған еді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG