Бас прокуратура Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровқа қатысты істі қайта қолға алу туралы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шағымын қанағаттандырмады. Бұл ақпаратты 20 қарашада журналистерге бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов хабарлады.
Қазан айының соңында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бағдат Мәнізоров ісін жабу туралы бас прокуратура шешімімен келіспейтінін мәлімдеген.
"Біреудің ұстанымы ештеңені білдірмейді, процедура бар. Заң бар...Қылмыс құрамы немесе қылмыс оқиғасы жоқ болса, іске нүкте қойылады. Немесе өзіміз айтып өткендей, бұл дәлелдер қылмыстық жолмен алынса [іс жабылады]. Мен жай-жапсарын білмеймін, тек болған фактілерді айтып отырмын: прокуратура қылмыстық істі тоқтатты, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оған шағым түсірді, олардың шағымы қанағаттандырылмады" деді Марат Ахметжанов.
Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтің "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі істің жай-жапсарын айтқан жоқ. 28 қазанда Мәнізоровқа тағылған айыптың алынғаны белгілі болды. Алматы облысының әкімдігі 30 қазанда журналистерге Бағдат Мәнізоровтің жұмысқа шыққанын, қызметтік міндетіне кіріскенін хабарлады. Өткен аптада жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген шенеунік өзіне жала жапқанын айтты.
Ал жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында ешқандай "тапсырыс" болмағанын айтты.
Бұған дейін жергілікті БАҚ интернетте Бағдат Мәнізоровтің "күмәнді әрекеті" жайлы видео тарағанын да жазды. Адвокаты Алмас Демесінов видеоның монтаждалғанын айтып, Мәнізоровтің "жемқорлыққа" еш қатысы жоғын жеткізген.
57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды. Жергілікті БАҚ-тың болжауынша, оған тағылған айып сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарған кездегі қызметімен байланысты болуы мүмкін.
Tengrinews агенттігі бұл іске қатысты дау жалғасып жатқан тұста Мәнізоровтің облыс әкімі қызметіне ұмтылғаны туралы сыбысты жоққа шығарғанын жазды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов егер Мәнізоровқа тағылған айып расталса, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР