Accessibility links

Бас прокуратура "Зорлау" қылмысы бойынша тараптардың келісімге келуіне тыйым салмақ


Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

20 қарашада бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қазақстанда "зорлау" қылмысы бойынша тараптардың келісімге келуіне тыйым салынатынын айтты. Оның айтуынша, "Қылмыстық және қылмыстық процестік заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында зорлау қылмысына жазаны күшейту қарастырылған, бала зорлағандарды 20 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

"Зорлау қылмысы ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді. Яғни, бұл жерде татуласуға болмайды. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыс үшін жаза тіпті қатал болмақ. Бұл аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 14 жасқа толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр" деді Марат Ахметжанов.

Жақында Таразда болған "оқушыны зорлау" оқиғасының айдалада емес, мектеп ауласындағы дәретханада сабақ уақытында болғанын еске салған депутат Инна Унжакова Қазақстанда 2300 оқушының дәретханасы жоқ мектептерде оқып жатқанын айтты. Ол сәйкесінше осыншама оқушыға сондай қауіп төніп тұрғанын айтып, дәретханаларды мектеп ішінен салу, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

"Қылмыс ауладағы дәретханада болған. Ата-аналардың қысымымен облыстық білім басқармасы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын, сабақ кезінде оқушыны жіберген мұғалімді, вахтерды дереу жұмыстан шығарды. Алайда мұны шенеуніктердің "кінәліні тауып жазалау" деген сияқты әдеттегі әрекеті деп бағалауға болады. Балалардың қорғансыздығы көп жағдайда білім мекемелеріне педофилдерді жолатпауға міндетті қызметкерлердің кәсіби біліксіздігі және немқұрайлығына тіреледі" деді Инна Унжакова.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қараша айының ортасында Тараздағы мектептердің бірінде ауладағы дәретханаға сабақ кезінде сұранып шыққан жетінші сынып оқушысын ер адам зорлаған. Бұл оқиғадан кейін мектептің бірнеше қызметкері жұмыстан шығарылған. Полиция 38 жастағы ер адамның ұсталғанын, оның ұзақ жылға сотталуы мүмкін екенін хабарлады.

Қыркүйек айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев зорлау мен тұрмыстық әлімжеттік жасағандарға жазаны қатайту қажет екенін айтқан. Осыдан соң прокуратура арнайы заң жобасын әзірледі.

Жобада бұған дейін орта дәрежедегі қылмыс саналатын "зорлау" бабы ауыр қылмыстар санатына қосу көзделген. Бірақ кейбір сарапшылар жазаны күшейтумен мәселе шешілмейді деп санайды.

Видео: Зорлау қылмысына жаза қатайту мәселені шеше ме?​ (Қыркүйек, 2019 жыл).

Зорлау қылмысына жаза қатайту мәселені шеше ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG