Accessibility links

Зеленский "норман төрттігі" саммитінде талқыланатын төрт маңызды мәселені айтты


Украина президенті Владимир Зеленский (ортада).

"Норман төрттігі" саммитінде төрт мемлекет басшысы Украина шығысында атысты тоқтату, тұтқындардың оралуы, Донбастағы сайлау және Ресеймен шекарадағы аймақты бақылауға алу мәселесін талқылайды. Бұл ақпаратты 20 қарашада Украина президенті Владимир Зеленский айтты.

Оның айтуынша, ең маңызды әрі күрделі мәселе - Киевтің бақылауында емес аймақта сайлау өткізу, өйткені оның "көп компоненттері бар".

"Бұл - Украинаның уақытша басып алынған аймағында емес, Украина аймағында жергілікті сайлау өткізу мүмкіндігі. Бұл ең маңызды мәселе" деді ол.

Украинаның шекара қызметінің дерегінше, Ресеймен шекарадағы 409 шақырым жерді Киев бақылап отырған жоқ. Зеленский Донбаста қазіргідей "уақытша" тыныштық емес, нағыз бейбітшілік орнауы қажеттігін айтты.

"Екінші мәселе, бұл - "уақытша" атыстың тоқтауы, "жалған" татуласу. Бұл уақытша нәрсе. Екі-үш күн тынышталады да, сосын атыс қайта басталады, одан кейін бір күрделі жағдай болып, адамдарымыздан айрыламыз. Сондықтан нағыз татуласу, атыстың шын тоқтағаны керек" деді Зеленский.

"Норман төрттігі" саммиті 9 желтоқсанда Парижде өтеді. Соңғы рет мұндай формат бойынша кездесу 2016 жылы қазан айында Берлинде өткен.

Ресей мен Украина арасы 2014 жылы Ресей Қырым түбегін аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткеннен кейін ушыққан. 2014 жылдың сәуір айынан бері қарулы қақтығыс кезінде 13 мыңнан астам адам көз жұмған.

Өткен аптада Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Зеленский мен Владимир Путин арасында Нұр-Сұлтан қаласында келіссөз өткізуді ұсынған болатын. Киев пен Мәскеу бұл ұсынысты қабылдамады.

"Норман төрттігі" саммиті - Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлігінің кездесу форматы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG