Accessibility links

"Олеся Кексельдің ісіне" қатысты қарама-қайшы ақпарат тарады


Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.

Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы жетекшісі Олеся Кексельдің ісіне қатысты қарама-қайшы ақпарат тарады. Әуелі бұрынғы бас прокурор, қазіргі сенат депутаты Қайрат Қожамжаров 21 қарашада Олеся Кексельдің үстінен қозғалған қылмыстық істің тоқтағанын айтты.

"[Кексельдің] өтініші осыдан екі ай бұрын түскен. Сенбі күні оған "қылмыс құрамы" жоқ болғандықтан іс тоқтады деп хабарлаған. Дау болғаннан кейін бәлкім, істі қайта қарастыратын шығар. Мен мұны Кексельдің өзінен естідім. Тергеуші оған хабарласып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан іс тоқтады деп айтқан" деді Қожамжаров журналистерге.

Бірақ сәлден соң Tengrinews сайты ішкі істер министрлігінің бұл ақпаратты растамағанын хабарлады.

"ІІМ Олеся Кексельдің ісі тоқтады деген ақпаратты растамайды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр" деді тергеу департаментінің дерегіне сүйенген ІІМ баспасөз қызметі.

Олеся Кексель мен бас прокуратураның тергеу тобының мүшесі Бауыржан Ғаббасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын ең алғаш болып "Время" газеті хабарлаған. Басылымның жазуынша, істің қозғалуына кәсіпкер Набиевтің шағымы түрткі болған. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұған дейін бас прокуратураға бір азаматтың шағым түсіргенін, онда аталған азаматтардың тергеу амалдарында заңға қайшы әдістерді қолданғаны туралы шағымданғанын айтқан.

Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, Кексельге қатысты тексеру жұмыстары бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа ісімен байланысты.

"Кезінде Шкарупаға қатысты қаржы жымқыру фактісі бойынша қарсы куәлік бергенмін. Бірақ біз бұл куәліктердің шұғыл-іздестіру шарасы нәтижесінде дәлелденгенін айта кетуіміз керек. Менің ойымша, бұл қорғау тарабының бір тактикасы" деді ол 21 қарашада.

Олеся Кексель бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі сияқты Қазақстандағы ірі даулы істер бойынша тергеу тобына жетекшілік еткен. Ол мамыр айында арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі қызметінен босатылған.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 11.12.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG