Accessibility links

Reuters: Швейцария Храпуновқа тағылған айыпты алып тастады


Виктор Храпунов.
Виктор Храпунов.

Швейцария "жүздеген миллион доллар жымқырды" деп айыпталған Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа тағылған айыпты алып тастады. Бұл ақпаратты Женева прокуратурасына сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.

Қылмыстық істі тоқтату туралы сот қаулысы тараптарға 14 қарашада берілген. Оған қатысты 25 қарашаға дейін шағым түсірілуі мүмкін.

Ақпарат бойынша, бұл іс Қазақстан билігінің Швейцария билігіне құқықтық көмек көрсету туралы сұрауы негізінде қозғалған. Құжатта Виктор Храпуновтың 90-жылдардың соңы 2000-жылдардың басында Алматы әкімі болып тұрған кезде "қызметтік өкілетін пайдаланып бюджет қаржысын жымқырғаны" жайлы айтылған. 2013 жылдан бері жалғасып келе жатқан істе Храпуновтан бөлек оның отбасы мүшелері және тағы бір олигархтың аты аталады. Reuters "танымал олигархтың" атын айтпайды.

Виктор Храпуновтың өзі Facebook желісінде Швейцарияның Tages Anzeiger басылымына сілтеме жасап, сот шешімінің 12 қарашада шыққанын жазды.

2018 жылы қазан айында Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық соты Виктор Храпуновты "жемқорлық" және "ақша жымқыру" баптары бойынша кінәлі деп тауып, сырттай 17 жылға соттаған. Сот оның мүліктерін кәмпескелеуді тапсырған. Оның әйелі Лейла Храпунова да сол кезде сырттай 14 жылға сотталды. Сот материалдары бойынша, олардың "қылмыстық әрекеттерінің кесірінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген".

Оқи отырыңыз: Виктор Храпунов сырттай 17 жылға сотталды

Виктор Храпуновтың өзі тағылған айыптарды мойындамаған. 2007 жылы отбасымен бірге Қазақстаннан кеткен Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр.

Reuters агенттігі Храпунов туралы жаңалықтың соңында Швейцария президенті Ули Маурердің жұма, 22 қарашада Қазақстанға сапары басталатынын, тараптар екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас пен әріптестік жайын талқылайтынын жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG