Accessibility links

ОСК референдум өткізуді ұсынған топтың өтінішін қарастырмақ


Референдум өткізуді ұсынған азаматтар жиыны. Нұр-Сұлтан, 10 қараша 2019 жыл.
Референдум өткізуді ұсынған азаматтар жиыны. Нұр-Сұлтан, 10 қараша 2019 жыл.

21 қарашада Қазақстан орталық сайлау комиссиясы бастамашыл топтан референдум өткізу туралы өтініш келіп түскенін хабарлады. Бастамашыл топ референдум арқылы "Сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңды өзгертуді көздейді.

ОСК бастамашыл топтан тіркеу туралы өтініш, 62 адам қатысқан референдум ұйымдастыру туралы 10 қарашада өткен жиналыстың хаттамасын қабылдап алғанын мәлімдеді. Комиссияға өтінішті бастамашыл топ өкілдері Нұрлан Ысқалиев, Ақмарал Әбдіхалықова тапсырған.

Орталық сайлау комиссиясы бастамашыл топтың өтінішін "Референдум өткізу" туралы заңға сай қарайтынын хабарлады.

10 қарашада Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді жиын өткізіп, "Сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңды өзгерту үшін референдум өткізу мәселесін талқылаған. Ұйымдастырушылар жиынға әр облыстан 500-дей адам келгенін айтқан.

Белсенділер референдумда мына екі мәселені дауысқа салғысы келеді:

  • "Сайлау туралы" заңға өзгеріс енгізу. "Бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесін енгізуге келісесіз бе?"
  • "Саяси партиялар туралы" заңға өзгерту енгізу. "Саяси партияларды тіркеу кезінде оның мүшелірінің санын 40 мың адамнан бір мыңға дейін азайтуға келісесіз бе?"

Нұр-Сұлтандағы жиында белгісіз бір адам "жиналыстың заңдылығына күмән келтіріп", дауласқан еді. Жиынға наразылық білдірген қатысушыны залдан күштеп шығарған.

Видео: Бастамашыл топтың жиыны қалай өтті?

Референдум бастамасы қолдау таба ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

"Референдум өткізу туралы" заңға сай, ОСК бастамашыл топтың өтінішін бес күнде қарап, топты және референдумға ұсынылған мәселені тіркейді. Егер ОСК тіркеуден бас тартса, бастамашыл топ он күн ішінде Жоғарғы сотқа шағымдана алады. Ал тіркеген жағдайда бастамашыл топ қол жинауды бастайды. Қол жинау процесі заңға сай өтсе, референдум ұйымдастыру туралы өтініш президенттің қарауына жіберіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG