Accessibility links

СІМ: Гонконгтегі 142 қазақ студентінің жағдайы белгісіз


Полиция наразылардың бірін ұстап барады. 18 қараша 2019 жыл.
Полиция наразылардың бірін ұстап барады. 18 қараша 2019 жыл.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Гонконгте оқып жатқан 142 қазақ студентінің жағдайы белгісіз екенін айтты. 21 қарашада орталық коммуникация қызметінің баспасөз жиыны кезінде ол бұл студенттердің Гонконгтегі консулдыққа тіркелмегенін де жеткізді.

Смадияров жақында Гонконгте ұсталған қазақ студентінің жағдайы туралы да айтқан.

"Біздің азаматымызды - Гонконгтегі баптистер университетінің бірінші курс студентін полиция ұстаған. Консулдыққа бұл ақпарат түскеннен кейін дипломаттар дереу ол отырған қамау орнына барып, онымен кездесті. Оның ешқандай шағымы жоқ. Оң қолы жараланған. Бәрін тексердік. Оны полиция ұстаған кезде құлап, қолы сәл сырылған. Біз ата-анасымен хабарластық. Дипломаттар адвокаттар іздеп жатыр" деді ол.

Смадияров ұсталған студенттің наразылыққа не үшін қатысқанын білмейтінін айтқан.

"Достарымен араласпаған. Өте тұйық бала. Дипломаттар ұйымдастырған шарада болмаған" деді Айбек Смадияров.

20 қарашада сыртқы істер министрлігі Гонконгте Әбілқайыр Нұқпиев есімді (СІМ мәлімдемесінде - Абилькаир Нукпи) 19 жастағы қазақ студентінің ұсталғанын хабарлаған. Ақпарат бойынша, студенттің қолында жанғыш зат бар бөтелке болған. 16 қарашада Гонконгтегі баптистер университетіне бекінген наразыларды ұстау үшін полиция кампусқа шабуыл жасаған кезде қазақстандық студентті де ұстап алып кеткен. Оның ісі бойынша екінші сот тыңдауы 15 қаңтарда өтеді.

18 қарашада Қазақстанның СІМ Гонконгтегі наразылыққа байланысты 118 студенттің елге келгенін хабарлаған. Министрлік 48 студенттің жақын күндері Қазақстанға оралатынын айтқан.

Оқи отырыңыз: Гонконгтегі наразылықтан соң жүзден астам қазақстандық студент елге оралды

Соңғы бес айдан бері жалғасып жатқан наразылық шарасында Гонконг жұрты биліктен демократияға бастар нақты қадамдар талап етеді. Наразылар Қытайдың Гонконгтің ішкі ісіне араласқанына да наразы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG