Accessibility links

Батырбековтің ісі: Журналист жазбасын сараптаған маман сұралды


Журналист Амангелді Батырбеков және оның адвокаты сот залында отыр. Түркістан, 22 қараша 2019 жыл.
Журналист Амангелді Батырбеков және оның адвокаты сот залында отыр. Түркістан, 22 қараша 2019 жыл.

Түркістан облыстық соты "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған журналист, белсенді Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қарап жатыр. Соңғы отырыста сот "апелляциялық шағымға қатысты қаулы шығаруға дәлелдер жеткіліксіз" деп істі қайта тергеуге жіберген еді.

22 қараша күнгі сот отырысында Амангелді Батырбеков екі талап-тілек білдірді. Ол алғашқы инстанциядағы судьяның хатшысы мен аудандық білім бөлімінің бас маманы Айбек Тұрсынбайды куә ретінде шақыруды сұрады. Сот алғашқы өтінішті қанағаттандырмады, Тұрсынбайды шақыруды құптады.

Талап-тілектерді қарап болған соң сот алқасы Шымкенттегі сот сараптама орталығының сарапшысы Майра Мырзаевадан жауап алды.

Майра Мырзаева Батырбековтің Әбдиевке қатысты жазбасын жәбірленуші жақтың адвокаты Гүлжан Әбдіхалықованың өтінішімен келісім-шарт негізінде сараптағанын айтты. Оның айтуынша, сот психологиялық-филологиялық сараптама жасау қажеттігін айтқанмен тек филологиялық сараптама жасалған.

"Адвокат өтінішінде психологиялық сұрақтар болған жоқ, сондықтан психологиялық сараптама жасауға қажеттілік болған жоқ" деді Майра Мырзаева.

Ол бұған қоса, Батырбековтің жазбасындағы "тупой" деген сөзге ғана баға берілгенін айтты. Ол бұл сөз "топас, ой-өрісі тар" деген мағына береді, сондықтан Әбдиевтің жеке басын балағаттауға жатады деп қорытынды жасағанын айтты.

Ал Мырзаеваға бірнеше сұрақ қойған Батырбеков бұл сөзді "Алик Федор" атты жалған аккаунт иесіне сілтеме жасап жазғанын, маманның сараптама кезінде бұл сөзді сөйлемнен бөліп тастап, сараптағанын айтты. Соттан осы жайтқа мән беруді сұрады.

Соңғы отырыста сот жәбірленуші Әбдиевті іске қатысы бар бірқатар маңызды құжаттарды әкелуді тапсырған еді. 22 қарашада әкелген құжаттармен танысқан Батырбеков олардың арасында бірнеше құжат жетіспейтінін айтты. Ал сот қылмыстық іске қатысы бар жеті директорды тағайындау туралы Келес аудандық білім бөлімі басшысының бұйрығы мен олардың еңбек кітапшаларын толық алып келуді Әбдиевке тапсырды.

Сот алқасы істі қарауды 25 қарашаға қалдырды.

Қыркүйектің 23-іне Сарыағаш аудандық соты жергілікті "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы және "Сарыағаш - Әділет" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековті Facebook әлеуметтік желісіне жергілікті шенеуніктің "ар-намысына тиіп, қадір-қасиетін қорлайтын" жазба жариялағаны үшін Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" (130) және "Қорлау" (131) баптары бойынша айыпты деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. 54 жастағы Амангелді Батырбеков өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан. Түркістан облыстық соты апелляциялық шағымды 12 қарашада қарай бастаған.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін Батырбековті дереу босатып, тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG