Accessibility links

"Терроризмді насихаттау, діни араздық туғызу" бабымен сотталғандарды түрмеге жөнелтті


"Терроризмді насихаттады, діни араздық қоздырды" деп айыпталғандарға үкім шыққан сәт. Алматы, 5 тамыз 2019 жыл.

"Терроризмді насихаттау" және "діни араздық қоздыру" баптарымен сотталған бес адамды түрмеге жөнелтті. Бұл ақпаратты Азаттыққа олардың туыстары хабарлады. Туыстарының айтуынша, сотталғандардың біреуі Алматы облысындағы Заречный кентіндегі түрмеге қалған. Қалғандарын Шымкент қаласындағы және Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы колонияларға жіберген.

Сотталғандардың туыстары "сот үкімі қарашаның 29-ына күшіне енеді, сондықтан оларды түрмеге мерзімінен бұрын заңсыз жіберіп отыр" деп санайды.

Алматыдағы ЛА-155/18 тергеу изоляторы Азаттыққа олардың түрмеге жөнелтілгенін растағанымен, қаншалықты заңға сай екені жайлы сұраққа жауап беруден бас тартты.

Биыл тамыздың бесіне "Терроризмді насихаттады" және "араздық қоздырды" деп айыпталғандар, 40 жастағы Болатбек Нұрғалиев сегіз жылға, 39 жастағы Ернар Саматов жеті жарым жылға, 36 жастағы Бекет Мыңбасов жеті жарым жылға сотталған болатын.

Ал 27 жастағы Азамат Үмбетәлиев, 34 жастағы Жасұлан Искаков, 32 жастағы Самат Әділов, 31 жастағы Назым Абдрахманов, 36 жастағы Есім Сүлейменов "араздық қоздырды" деп айыпталып, бес жарым жылға сотталған. Олар тағылған айыпты мойындамаған. Қарашаның 20-сына Алматы қалалық сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасы сотталғандардың шағымын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Қылмыстық іс материалдарында Болатбек Нұрғалиев "терроризм мен салафизм идеясын насихаттау" және "аталған ағымды ұстанушыларды көбейту" мақсатында WhatsApp мессенджерінде Қазақстанның түрлі өңірінен 8 адамды қосып, топ құрғаны айтылады.

Үкімде "әрекеттерінің заңсыз екенін біле тұра діни тақырыптарды белсенді талқылап, терроризм мен діни араздық туғызатын радикалды пікірлер жазған" деп көрсетілген.

Бұл істегі тоғызыншы күдікті, 40 жастағы Жұлдызбек Тәуірбековтің ісі денсаулығына байланысты бөлек қаралады. Екінші топтағы Тәуірбековті адвокаты денсаулығына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұраған.

Тамыз айында Қазақстанның құқық қорғаушылары сотталғанды діни сенімі бойынша қуғындалғандар тізіміне енгізген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG