Accessibility links

ICIJ таратқан құжатта Қытайдың Шыңжаңда 3 млн адамды аңдығаны айтылады


Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да діни азшылық топтар отыруы мүмкін "лагерь". 2019 жылы 4 маусым түсірілген сурет.
Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да діни азшылық топтар отыруы мүмкін "лагерь". 2019 жылы 4 маусым түсірілген сурет.

24 қарашада Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) Қытай билігінің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалған үш миллионға жуық адамның әр қадамын қалай аңдып отырғанын көрсететін құжатты жариялады. ICIJ құжатты әлемдегі 17 ақпарат құралымен бөліскен.

"Телеграмма" деп аталған құжатта Қытайдың адамдарды "оруэлл жүйесімен" (компьютер және камералармен бақылау жүйесі) аңдығаны жайлы жазылған.

Шыңжаң қауіпсіздік қызметінің басшысы 2017 жылы бекіткен нұсқаулықта адамдардың шаш алу уақытынан бастап, лагерьлердің есігінің ашылу және жабылу уақытына дейін көрсетілген. Құжаттағы деректерге сай, Қытай билігі лагерьге қамалатын адамдарды анықтау және оларды ұстау кезінде жеке бас деректерін пайдаланған. Адамның жеке деректерін анықтау үшін арнайы интеллектуальды жүйені қолданған.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да түркітілдес ұлттарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйренетін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да түркітілдес ұлт өкілдері отыр" деп мәлімдеген.

16 қарашада америкалық New York Times Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Онда түркітілді азаматтар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген. Нұсқаулық бойынша, "Отбасым қайда?" деген студентке шенеунік "Олар үкімет құрған оқу орталығында. Орталықтағы сабақ қатаң бақылауда өтеді. Отырғандар әбден түзеліп шықпайынша, сыртқа шыға алмайды. Егер жақындарыңыз қаласа видео байланыс орната аламыз" деп жауап беруі тиіс.

Құжаттарды зерттеген New York Times "Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Шыңжаңда жиын өткізіп, аймақтағы түркітілдес ұлттарды бақылауға бұйрық бергенін" жазды. Ал Қытай билігі газет жариялаған деректерді "фейк" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG