Accessibility links

Тбилисиде полиция наразыларды тарату үшін су шашты


Тбилиси парламенті ғимаратының алдында тұрған омон жасақтары. 25 қараша 2019 жыл.
Тбилиси парламенті ғимаратының алдында тұрған омон жасақтары. 25 қараша 2019 жыл.

26 қарашаға қараған түні Грузия полициясы парламент алдына жиналған наразыларды тарату үшін оларға су шашып, бірнеше белсендіні ұстады. 26 қарашада күндіз мыңдаған адам парламент ғимаратының алдына жиналып, сайлау жүйесін реформалауды талап еткен. Оппозиция жетекшілерінің бірі Георги Вахадзе журналистерге полицияның бірнеше адамды ұстап әкеткенін, арасында оппозициялық саясаткер бар екенін айтты.

Бір күн бұрын "Грузин арманы" партиясы сайлау жүйесінде өзгеріс болмайды деп мәлімдегеннен кейін билікке қарсылық күшейген. Оппозициялық топ жақтастары Тбилисидегі Республика алаңынан парламентке дейін марш өткізіп, орталықтағы Руставели даңғылын жапқан. Наразылар үкімет отставкасын талап етіп, мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап еткен. Олар 26 қарашада өтетін парламенттің пленарлық сессиясына заң шығару орган өкілдерін кіргізбейтінін айтқан.

Қазір грузин парламенті аралас мажоритарлық-пропорционалды жүйе бойынша сайланады. 150 депутаттың 77-і - партиялық тізім бойынша, 73-і мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Оппозициялық саясаткерлер мен сарапшылардың пікірінше, аралас жүйе "Грузин арманы" партиясына мажоритарлық округтерде әкімшілік ресурсты пайдаланып, оның жеңуіне мүмкіндік береді.

14 қарашада мыңдаған адам парламент ғимаратының алдына жиналып, парламент депутаттарының сайлау жүйесін реформалау туралы заң жобасын кері қайтарғанына қарсылық танытқан.

18 қарашада грузин полициясы парламент ғимараты алдынан кетпей қойған наразыларға су шашып, ондаған адамды ұстаған. 19 қарашада оларға "полиция талабына бағынбау" және "бұзақылық" баптары бойынша айып тағылып, 37 адам сотқа тартылды.

Бұған дейін Батыс елдері грузин үкіметін, саяси партиялары мен азаматтық қоғамын "бір-бірін құрметтеп, диалог орнатуға" шақырған.

Маусым және шілде айынан бері мыңдаған адам пропорционалды сайлау жүйесіне көшуді талап етіп келеді. Жазда бірнеше аптаға созылған наразылық кезінде ашулы топ парламентті басып алуға тырысып, полиция оларға резеңке оқ атып, су шашты. 240-тан астам адам жараланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG