Accessibility links

Белсенділер ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі алдында "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті


Бір топ адам Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында саяси тұтқындарды қолдап, акция өткізіп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 қараша 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі ғимаратының алдында бір топ белсенді саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік" деп тану туралы сот шешімінің күшін жоюды талап етті. Белсенділер сонымен бірге Қытайда қуғынға ұшыраған этникалық қазақтарды қорғау қажеттігін айтты. Олар Еуропа Одағының "әріптесі" Қазақстанды адам құқығын сақтауға міндеттегенін қалайды.

"Қазақстанда шынайы демократия жоқ, саяси тұтқындарды босатыңдар!" деген жазуы бар плакат, Қазақстанның туын ұстаған белсенділер "Саяси тұқындарға бостандық", "Қазақстанмен сауда қарым-қатынасын жасама", "Біздің құқығымыз саудаға салынбасын" деп айқайлады.

- Еуропарламент өкілдері Қазақстанға келіп жатыр. Соларға елде болып жатқан ақиқатты, адам құқығын бұзу фактілерін жеткізгіміз келеді, - деді наразылыққа қатысқан адамдардың бірі. Акция кезінде белсенділер әнұран да айтты.

Белсенді Салтанат Төлегенованың Азаттық тілшісіне айтуынша, ол ішке кіріп, Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігінің қызметкерімен сөйлескен. Оның сөзінше, Еуропа Одағы өкілдігі белсенділердің акциясын көріп, нені талап етіп отырғанын естіп, біліп отыр. Бірақ өкілдік қызметкері "хаттама бойынша жұмыс істеп жатқандықтан" белсенділердің алдына ешкімнің шыға алмайтынын айтып, белсенділердің "басқа айтары болмаса тарауына кеңес берген". Бірақ белсенділер акцияны жалғастыра беретінін айтып отыр.

Оқиғаны полиция қызметкерлері бақылады. Кейбір белсенділердің айтуынша, сонда жүрген полиция қызметкерлері оларға "рұқсат етілмеген акцияға" қатыспауын ескерткен.

2018 жылы наурыз айында Астана соты (Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы атауы – ред.) бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырып, ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, Қазақстан аумағында оның қызметіне және материалдарын таратуға тыйым салған. ҚДТ қозғалысына қатысты мәлімдеме жасаған билік сол кезде "Әблязов әлеуметтік желілер мен парақшалардың көмегімен халыққа үндеу жариялап, азаматтарды ҚДТ-ға қосылуға шақырып, қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін қалыптастырды, наразы көңіл-күйді өршітуге тырысты" деп айыптады.

Ақорданы сынап жүрген бұрынғы банкир, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов 2017 жылы сәуірде "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформалар жүргізуді" мақсат ететін ҚДТ қозғалысы құрылғанын жариялаған. Ол "демократиялық принциптерге негізделген құқықтық мемлекет құруды көздейтін" қозғалысқа тыйым салу туралы биліктің шешімімен келіспейтінін мәлімдеген. Бұл қозғалысқа тыйым салынғаннан кейін ұйымды қолдаған немесе қолдады деген күдікке ілінген ондаған белсендінің үстінен әкімшілік және қылмыстық іс қозғалған.

Мамыр айында Еурокомиссия қабылдаған "Орталық Азиядағы ЕО стратегиясына" сәйкес, ЕО Орталық Азия елдерімен үш сала бойынша әріптестік орнатуға басымдық береді. Құжатта ЕО-ның Орталық Азияда демократия, адам құқығы және құқық үстемдігін алға жылжытуға мән беретіні жазылған.

Өткен аптада Қазақстанның СІМ 20 қарашада Нұр-Сұлтанда сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропа Одағына мүше елдердің дипломатиялық өкілдік қызметкерлерімен кездесіп, "екіжақты және көпжақты мәселелерді" талқылады деп хабарлаған.

14 наурызда Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы резолюция қабылдаған Еуропарламент Нұр-Сұлтанды "адам құқықтарын құрметтеп, халықаралық талаптарды орындауға, саяси қудалауды тоқтатуға" шақырған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 11.12.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG