Албанияда жер сілкінісі болып, кемінде 23 адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды. Құтқарушылар қираған үйлер астынан тірі қалғандарды табу үшін үйінділерді аршып жатыр.
АҚШ-тың геологиялық қызметінің дерегінше, 6,4 балдық жер сілкінісінің эпицентрі Албания астанасы Тирана қаласының солтүстік-батысына қарай 20 шақырым жерде 20 шақырым тереңдікте болған.
Албанияның қорғаныс министрлігінің дерегінше, Тиранаға жақын Туман елді мекенінде қираған үйлердің астынан бес адамның мәйіті табылған.
"Алғаш рет жердің тербелісін сезген кезде күйеуіме үйден шығайық деп едім, ол ештеңе етпейді, отыра бер деді. Бірақ екінші рет сілкінгеннен кейін тұтас үй құлады" деді тұрғындардың бірі Кевахире Муки.
Жер сілкінісі 26 қарашада таңертең болған. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) дерегінше, 5,4 магнитудалы жер сілкінісі Босния және Герцеговинада да сезілген. Зардап шеккендер жайлы хабар түспеді.
ПІКІРЛЕР