Accessibility links

Туыстары Қытайда қамалғандар биліктен көмек сұрады


Жақындары Қытайда қамалған не қысымға ұшыраған адамдар Нұр-Сұлтандағы жиында отыр. 27 қараша 2019 жыл.
Жақындары Қытайда қамалған не қысымға ұшыраған адамдар Нұр-Сұлтандағы жиында отыр. 27 қараша 2019 жыл.

27 қарашада Нұр-Сұлтанда өткен жиында 40 шақты адам Қазақстан билігінен Қытайда қамалған туыстарына көмек көрсетуді сұрады. Жиында олар "Шыңжаңда қамалған" туыстарының суреттерін ұстап отырды.

Баспасөз конференциясы кезінде "Қытайдың саяси лагерьлерінде қамауда болған" бірнеше адам лагерьде көрген азабы туралы айтты. Аты-жөнін Тұрсынбек Қаби деп таныстырған адам Қытайда өзін жер астындағы түрмеде жеті түн қорлағанын айтып берді.

"Біреуіне бір адам әрең сиятын жан-жағы темір торға қамады. Сол торда тізерлеп жеті күн, жеті түн отырдым. Сәл қалғып кетсең сақшылар таяқпен ұрып оятады, ұйықтатпайды. Ол жерде маған сұйық тамақ бермеді, су бермеді, шәй бермеді. Күніне екі рет дәретханаға шығарады. Бір күні дәретханадан қайтып келе жатып, қолымды жуып, шөлдеп кеткендіктен су ішкендіктен сол жерде төрт полиция қоршап алып ұрды. Әуелі құлағымнан ұрды. Есеңгіреп кеттім. Басымды дуалға неше рет соғып, есеңгіретіп тастады. Одан кейін сүйреп қапасқа тықты. Түнгі сағат екіде тергеуге алады" деді Тұрсынбек Қаби.

Жиында "European Kazakh forum" ұйымының төрағасы, Германия қазағы Өмірхан Алтын қазақ үкіметінің Қытайдың мұсылмандарды қуғындау саясатын үнсіз "қолдап отырғанын" айтып сынады. Оның айтуынша, бүгінгі жиынға мемлекеттік орган өкілдері, сенат спикері Дариға Назарбаева, мəжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин және өзге шенеуніктер шақырылған. Бірақ олар келмеген. "Олардың келмегені қазақ үкіметінің мәселеге көз жұма қарап отырғанын дәлелдей түседі" деді Өмірхан Алтын.

Жиынға Германия, Ұлыбритания, АҚШ елшілігінің өкілдері келіп қатысты. Баспасөз конференциясы біткеннен кейін туыстары Қытайда қамалған азаматтар Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі ғимаратына қарай кетті. Олар Еуропа Одағына мүше елдердің мәселеге араласқанын қалайды.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да түркітілдес ұлттарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйренетін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандар отыр" деп мәлімдеген.

Қазан айының соңында 23 мемлекет (арасында АҚШ пен Еуропа елдері де бар) ортақ мәлімдеме жасап, Пекинді Шыңжаңдағы ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарды қудалауды тоқтатуға шақырған.

24 қарашада Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) "Қытай билігіне тиесілі" құпия құжатты жариялаған. ICIJ жариялаған құжатта "лагерьге түскендер қашып кетпес үшін не істеу керектігі, лагерьлердің барын құпия ұстау әдістері, ауру тараудың алдын алу әдістері, идеология жүргізу тәсілдері, қамаудағылардың дәретханаға шығатын, жақындарымен кездесетін уақытына" дейін көрсетілген. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшілігі The Guardian басылымына ICIJ таратқан құжатты "қолдан жасалған және жалған" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG