Accessibility links

Армения және Әзербайжан бір-біріне журналистер делегациясын жіберді


Ереван қаласы. Көрнекі сурет.
Ереван қаласы. Көрнекі сурет.

Армения және Әзербайжан 2001 жылдан бері алғаш рет бір-біріне журналистер делегациясын жіберді. Екі мемлекеттің сыртқы істер министрліктерінің арасындағы келісім негізінде жүзеге асқан делегация алмасу процесін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бақылады. 1988 жылдан бері жалғасып келе жатқан Таулы Қарабахтағы жанжалға байланысты екі көрші мемлекет арасында дипломатиялық қатынас орнамаған.

BBC медиакорпорациясының Орыс қызметінің хабарлауынша, әзербайжан журналистері Армениядан бөлек, тәуелсіздігі мойындалмаған Таулы Қарабах Республикасына да барған. Сапардан кейін тараптар қорытынды мәлімдеме жасауы тиіс болған, алайда келіссөзден хабары бар құпия ақпарат көзіне сүйенген BBC сайты Әзербайжан жағының мәлімдеме жасаудан бас тартқанын хабарлады.

"Шант" арнасының шолушысы Артем Ерканян BBC телеарнасына Әзербайжан аумағында үш армян журналисін 12 мен 40 аралығында күзетші күзеткенін хабарлады. Телеарнаның хабарлауынша, Еревандағы әзербайжан журналистерінің де айналасында сақшылар болған.

Армения мен Әзербайжан арасында 1990 жылдары даулы Таулы Қарабах аймағына қатысты қарулы жанжал шығып, 30 мың адам мерт болды. Армения мен Әзербайжан арасы осы аймаққа байланысты әлі нашар. 1994 жылы қақтығысты тоқтату туралы келісім жасалғанымен, шекарада екі ел әскерилері арасында әлсін-әлсін жанжал шығып тұрады. 2018 жылы Арменияда билік ауысқаннан кейін екі мемлекет арасындағы даудың сәл бәсеңдегені байқалады. Наурыз айында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян Венада кездесіп, қақтығысты бейбіт реттеу мәселесін талқылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG