Accessibility links

ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігі алдында белсенділер митингісі жалғасып жатыр


Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында наразылық жасаған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.
Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдында наразылық жасаған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.

27 қарашада Нұр-Сұлтанда ондаған белсенді Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдына жиналып, ЕО дипломаттарын сыртқа шығуға шақырды. Олар дипломаттарға шағым-талаптарын жеткізгісі келеді. Наразылардың айтуынша, Қазақстанда азаматтардың негізгі құқықтары тапталып жатыр, билік оларды қуғындап, митинг өткізуге рұқсат бермейді.

Белсенділердің Еуропа Одағы өкілдігінің ғимараты алдында наразылық өткізіп жатқанына бүгін екі күн болды. Кеше, 26 қарашадағы акция шамамен үш сағатқа созылған. Бірақ өкілдіктен ешкім шыққан жоқ. Өкілдіктің қабылдауындағы қызметкерлер Азаттыққа ешкімнің сыртқа шыға алмайтынын айтқан.

27 қарашада таңертеңгі сағат 11-де басталған наразылық шарасында жиналған топ "Саяси тұтқындарға бостандық!", "Қытай экспансиясына жол жоқ" деп айқайлады. Олар сонымен бірге Шыңжаңнан қашып келген этникалық қазақтарды Қытайдың қолына тапсырмау қажеттігін айтты. Наразылар адам құқығы және азаматтық бостандық бұзылып жатқан шақта Қазақстанмен әріптестік орнатуға болмайды деді. Өкілдіктен бүгін де ешкім шықпаған.

Мамыр айында Еурокомиссия қабылдаған "Орталық Азиядағы ЕО стратегиясына" сәйкес, ЕО Орталық Азия елдерімен үш сала бойынша әріптестік орнатуға басымдық береді. Құжатта ЕО-ның Орталық Азияда демократия, адам құқығы және құқық үстемдігін алға жылжытуға мән беретіні жазылған.

Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз қызметінің 26 қарашада таратқан мәлімдемесіне сәйкес, Еуропа кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі жұмыс тобының Қазақстанға сапары аясында олар үкімет, парламент депутаттары және бас прокуратура өкілдерімен кездескен.

Өкілдіктің өткен аптада болған 11-ші Адам құқығы бойынша диалогы жайлы таратқан мәлімдемесінде кездесудің Қазақстандағы "саяси өзгерістер кезеңімен" тұспа-тұс келгені, сонымен бірге Еуропа Одағына мүше елдердің Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы әріптестікті кеңейту туралы келісімді толық ратификациялаған шақпен сәйкес келіп отырғаны жазылған.

2017 жылы желтоқсан айында Еуропа парламенті Қазақстанмен әріптестікті кеңейту жөнінде келісімге қол қойды. Құжат Қазақстанмен экономика, сауда және тағы бірнеше сала бойынша әріптестік орнатуды қарастырады. Бұған дейін құқық қорғаушылар Қазақстанда адам құқығы және азаматтық бостандықты сақтау келісімнің негізгі шарты болуы керек деп бірнеше рет айтқан.

Өкілдік сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, 19 қарашада Нұр-Сұлтандағы кездесу кезінде Еуропа Одағы Қазақстанда бейбіт шеруге шыққан адамдардың ұсталу мәселесіне алаңдап, Қазақстанды "құқық қорғаушылар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің еркін жұмыс істеуіне әрі қарай да мүмкіндік беруге" шақырған.

Видео: Белсенділер ЕО өкілдігі алдында "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті (26 қараша 2019 жыл).

Белсенділер ЕО өкілдігі алдында "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG