27 қараша күні Шымкент қалалық соты жергілікті белсенділерге митинг өткізуіге рұқсат бермеген әкімдік қаулысын заңсыз деп таныған Қаратау аудандық сотының шешімін жойды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Сотқа әкімдік үстінен арызданған белсенділер Нұржан Мұхамедов, Данияр Байтілеу, олардың сенімді өкілі Жаңабек Әбішев және қала әкімдігі мен Қаратау аудандық прокуратурасының өкілдері қатысты. Отырысқа белсенділерді қолдап ондаған адам келді.
Отырыста қала әкімдігінің өкілі Иляс Тәттібаев пен Қаратау аудандық прокуратурасының өкілі Болат Жұматаев аудандық сот шығарған шешімнің күшін жоюды сұрады. Судья Мұхтар Пірменов Шымкент әкімдігі мен Қаратау аудандық прокуратурасының апелляциялық арызын қанағаттандырды. Жиналған белсенділер сот шешіміне наразылық білдіріп, шулап кеткен соң судья шешім қабылдау себебін түсіндірмей залдан шығып кетті.
Белсенділердің сенімді өкілі Жаңабек Әбішевтің пікірінше, әкімдік бейбіт митинг туралы заңды шектеуге ғана пайдаланатынын, белсенділердің конституциялық құқығы сақталмайтынын айтты.
Шымкент белсенділері Ерғали Құлбаев, Нұржан Мұхамедов пен Данияр Байтілеу тамыз айынан бері митинг өткізуге әкімдіктен үш рет рұқсат ала алмаған. Олар кейін митингіге рұқсат бермеген Шымкент әкімдігін сотқа берген. 1 қазанда Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты белсенділердің митинг өткізу туралы өтінішіне рұқсат етпеген әкімдік қаулысын заңсыз деп таныды. Шымкент әкімдігі мен Қаратау аудандық прокуратурасы аудандық сот шешімімен келіспей, апелляциялық сотқа арыз жазған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 2 қыркүйекте халыққа жолдауында «елдің шырқын бұзуды көздемейтін акцияларға рұқсат беріп, арнайы орын бөлу қажеттігін» айтқан.
Соңғы бірнеше айда кейбір акциялар мен жалғыз адамдық пикеттерге құқық қорғау органдарының қызметкерлері кедергі жасамағаны байқалған. 21 қыркүйекте Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық қозғалысы» өткізеді деп болжанған митингіге жинала бастағандарды полиция әкеткен. Қазақстанда барлығы жүзге жуық адамды ұстап, тоғыз адамды қамауға алған.
Қазақстан заңына сай, азаматтар бейбіт митинг, наразылық шарасын өткізу үшін жергілікті әкімдіктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті билік митинг өткізуге арнайы орын бөледі. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның бейбіт жиын, митинг өткізу заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп сынайды.
ПІКІРЛЕР