Apple корпорациясы Ресей талабын орындап, картада Қырымды Ресей аумағы ретінде көрсетті. Халықаралық құқыққа сәйкес Украина түбегі саналатын Қырымды 2014 жылы Ресей аннексиялап алған.
Apple картасы мен Weather қосымшасында Қырым Ресей Федерациясының бөлігі ретінде көрсетілген. Алайда бұл өзгерісті Ресейдегі Apple қолданушылары ғана көре алады. Ресейден тыс жерде аймақтың нақты қай елге тиесілі екені көрсетілмеген.
Мәскеу корпорацияның бұл шешімін жылы қабылдады, ал Киев өткір сынады. Украинаның сыртқы істер министрі Вадим Пристайко Twitter-дегі парақшасында Apple-ды "халықаралық саясаттан мүдіргені үшін" сынады. Ал Мәскеуге қарайтын Қырымның ішкі саясат, ақпарат және байланыс министрі Сергей Зырянов "бұл Қырым республикасының тағы бір ақпараттық және технологиялық жетістігі" деді.
Ресей Украина аумағындағы Қырым түбегінде 2014 жылы референдум өткізіп, аннекcиялап алған. Халықаралық қауымдастық референдум нәтижесін мойындамайды.
"Біз даулы аймақты объективті түрде атауға бар күшімізді саламыз және Google Maps-тің жергілікті нұсқаларында елді мекен атаулары мен шекарасын жергілікті заңдарға сүйеніп, көрсетеміз" деді Google компаниясының ресми өкілі Tech Crunch журналына.
Киев пен Батыс елдері Мәскеуді "Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдайды" деп айыптайды. Батыс елдері 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін басып алғаны үшін және Донбастағы сепаратистерді қолдағаны үшін Ресейге санкция салған.
ПІКІРЛЕР