Accessibility links

Ауғанстанда жарылыстан кемінде 22 адам қаза тапты


Айналаны бақылап тұрған ауған сарбазы. Кабул, 25 қыркүйек 2019 жыл.
Айналаны бақылап тұрған ауған сарбазы. Кабул, 25 қыркүйек 2019 жыл.

Ауғанстанда соңғы бір тәулік ішінде болған екі шабуылдың кесірінен кемінде 22 адам қаза тапты, олардың 15-і - бейбіт тұрғын деп хабарлады ауған шенеуніктері.

27 қарашада Құндыз провинциясында көп адам мінген көлік миналанған жерді басып кетіп, жарылған. 15 адам қаза тапқан, арасында сегіз бала болған. Екі адам жараланған. Құндыз провинциясының губернаторы Абдулла Джаббар Наимидің айтуынша, олар Хан Абад ауданындағы тойға кетіп бара жатқан. Оның айтуынша, тәліптер минаны жолға көміп кеткен. Ал "Талибан" қозғалысы мәлімдеме жасамады.

Бұл провинцияда ауған үкімет күштері мен тәліптер арасында жиі қақтығыс болып тұрады. Қыркүйек айының басында тәліптер провинцияның әкімшілік орталығы Құндыз қаласына шабуыл жасап, басып ала алмаған.

Өткен айда Ауғанстан бойынша миссия (UNAMA) өкілдері жыл басынан бері бейбіт тұрғындар зардап шеккен шабуылдардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірген. UNAMA дерегінше, қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында 2 563 адам өлген, 5,5 мыңнан астам адам жараланған.

Жергілікті кеңес мүшелерінің дерегінше, Тахар провинциясында содырлардың әскери базаға шабуылы кезінде күштік құрылымның кемінде жеті қызметкері қаза тапқан, он адам жараланған. Қауіпсіздік күштері жақында ауданды тәліптерден азат еткен. Тәліптер ауданды шамамен екі ай бақылауда ұстаған. Лауазымды тұлғалардың айтуынша, бұл ауданның шалғай жерлерін қарулы топ әлі бақылауда ұстап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG