Accessibility links

Әйелін кепілде ұстаған Орал тұрғынының үстінен іс қозғалды


Орал қаласы.

Әйелін алты сағат бойы кеңседе кепілде ұстаған Орал қаласы тұрғынының үстінен тергеу басталды.

Полицияның хабарлауынша, 28 қараша түс ауа ер адам көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы нотариус кеңсесінде әйелін кепілге алып, граната жаратынын айтып қорқытқан. Жәңгір хан көшесіндегі 73-үйден жүзден астам адам эвакуацияланды.

Полицейлер, прокуратура мен арнайы қызмет өкілдері ол адаммен келіссөз жүргізген.

- Сағат 13.10-да бір адам "102" нөміріне қоңырау шалып, "Жазира" аялдамасында пышақ пен граната ұстаған ер адамның қоқаң-лоқы жасап тұрғанын хабарлады. Полиция аялдамаға келгенде ер адам нотариусқа кіріп, есікті ішінен құлыптап алған екен. Сағат 13.25-те тұрғындарды эвакуациялай бастадық. Оларды №20 мектепке орналастырып, ыстық тамақ бердік. Сағат 15.00-ге таман ер адам алғашқы талабын айтты. Оқиға орнына ағасы мен әпкесі келді. Келіссөзден кейін ол кепілге алған адамды босатты, - деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Сүйінбаев.

Полицияның айтуынша, әлгі адам ірі көлемде ақша және ұшақ талап еткен. Куәгерлердің бірі полицейлердің келіссөз кезінде әлгі адамға терезеден конфет пен шампан шарабын бергенін айтты. Полиция бұл сөзді растамады, жоққа да шығарған жоқ. Полицияның сөзінше, ол адамның қолында граната муляжы болған.

Сүйінбаев ер адамның үстінен "Адамды кепілге алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Полицияның дерегінше, бұрын сотты болған бұл адам екі рет қорғау нұсқамасын (үйінде зорлық-зомбылық жасаған немесе оқталған адамға ескерту ретінде берілетін құжат) алған.

Кепілде болған әйел ауруханаға жеткізілген. Оның аяғында пышақтан түскен жарақаты бары хабарланды. Полиция оқиғаны "отбасындағы ұрыс-керіс" деп атады.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 11.12.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:15 0:00
XS
SM
MD
LG