29 қараша күні Шымкенттегі Самал шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде «Азат» қозғалысының Шымкент және Түркістан облысындағы бөлімшелері құрылды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
«Азат» қозғалысының төрағасы диссидент Хасен Қожахметов жетекшілігімен өткен жиынға Алматы, Семей, Тараз, Шымкент қаласы және Түркістан облысынан келген қырық шақты белсенді қатысты. Қожахметова «Азат» қозғалысының заңды тіркеуден өткенін дәлелдейтін куәлігі мен мөрін көрсетті.
Хасен Қожахметовтің Азаттыққа айтуынша, қозғалыстың аймақтарда бөлімшелерін құру туралы жергілікті белсенділер ұсыныс тастаған. Қозғалыстың бірінші бөлімшесі Шымкентте құрылып жатыр.
«Бірінші кезекте қазіргі Конституцияны заңсыз деп санап, 1993 жылғы Конституцияға кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізіп қалпына келтіру қажет. Сайлау туралы заңды өзгерту керек. Бейбіт митинг пен шеруге рұқсат алу жойылсын» деді Қожахметов.
Жиында белсенділер билік Қытай инвестициясымен салынатын зауыттардың қайда орналасатынын картаға түсіріп жұртқа көрсетуді талап ету мәселесін де айтты (Қыркүйекте елде жұрт Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы шыққан. Наразылар Қытай жобаларын «экспансия» деп қауіптенетіндерін айтқан).
Отырыста қозғалыстың Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы бөлімшелерінің тең төрағалары мен басқарма мүшелерін сайланды.
Шымкенттегі бөлімшесінің тең төрағасы болып сайланған Ерғали Көлбаевтың пікірінше, «Азат» қозғалысы азаматтардың басын біріктіреді.
«Қозғалыс қоғамда болып жатқан заңсыздықтармен күресіп, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін жұмыс істейді. Қазір қос билік, Қытай экспансиясы, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі елдің наразылығын тудырып жатыр. Бұл уақыт өткізбей шешілуі тиіс» деді ол.
«Азат» қозғалысы 1990 жылы құрылған. Қозғалыс Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары қоғамдық, саяси мәселелерге де белсене араласты. Кейін қызметі бәсеңсіп қалған.
Биыл наурызда Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп («Нұр Отан» партиясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр), орнына сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Назарбаевтың бұл шешімі жұрт арасында наразылық турдырды. Биліктен реформа талап еткен жаңа қозғалыстар да құрылды. Белсенділер биліктен сайлау туралы заңды өзгертіп, президенттік сайлауға кандидат тіркеуді жеңілдетуді, парламент сайлауына бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесін енгізуді талап етеді.
ПІКІРЛЕР