Accessibility links

ІІМ: Қызылорда облысында жол апатынан қаза болғандар саны 8 адамға жетті


Қызылорда қаласынан 25 шақырым жерде полиция көліктерді өткізбей тұр. 3 желтоқсан 2019 жыл.

Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жанат Әбдірахманов Қызылорда облысында жол апатынан қаза тапқандар саны сегіз адамға жеткенін хабарлады.

- Қазір ғана 8 адамның қаза тапқанын хабарлады. Зардап шеккендер саны - 21. Жол тайғақ болғандықтан автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, автобус аударылған. Қазір тергеу органдары жұмыс істеп жатыр. Автотехникаға сараптама жүргізіледі. Мән-жайын қосымша хабарлаймыз, - деді 3 желтоқсанда таңертең Нұр-Сұлтанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Жанат Әбдірахманов.

Оның айтуынша, Құмкөл кен орнына бара жатқан 45-50 орындық үлкен автобус "Саутс-ойл" мұнай-газ компаниясына тиесілі. Автобуста болған адамдардың бәрі - Қазақстан азаматы.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, Қызылорда - Құмкөл тас жолына "Қазавтожол" компаниясы жауапты. Ақтөбе мен Қызылорда аумағында көктайғаққа байланысты жол жартылай жабылған. Барлық жолда жердің тайғақ екенін ескерткен белгілер қойылған.

3 желтоқсанда жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 5.30 шамасында Қызылорда облысындағы Қызылорда - Құмкөл бағытындағы жолда автобус аударылған. Көлікте 35 жолаушы болған. Бұған дейін төтенше жағдай комитеті жол апатынан бірнеше адамның қаза тапқанын, 20-дан астам адамның зардап шеккенін хабарлаған. Ресми дерек бойынша, автобустың аударылуына жолдың тайғақ болуы себеп болған.

Оқиға орнында құтқарушылар, дәрігерлер мен полицейлер жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-тармағы "("Жол-көлік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG