3 желтоқсанда түске таман Нұр-Сұлтанда саяжайда тұратын бір топ ана әділет министрлігіне барып, тұрақты тіркеу мәселесін шешіп беруді талап етті. Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы Пригородный тұрғын алабында тұратын 15 шақты азаматтың айтуынша, 2016 жылдан бастап билік саяжайға тұрақты тіркеуге тұруға тыйым салған. Содан бері "қайда барсақ та, тұрақты тіркеу мәселесі кесе-көлденең алдымыздан шығып жатыр" деп шағымданады әйелдер.
Үш баланың анасы Әзиза Ілиясова саяжайда тұрып жатқанына 15 жыл болғанын, бұған дейін әр адам басына 10 мың теңгеден төлеп, біреудің баспанасына уақытша тіркелгенін айтады. Бірақ үш айдан кейін шығарып тастады дейді ол.
- Тұрақты тіркеу үлкен проблемаға айналып отыр. Мектептен, колледжден үнемі тіркеу болуын талап етеді. Бізді уақытша баспанадан шығарып тастағаннан кейін амалсыз Қызылордаға тіркелгенбіз. Бірақ мұндағылар тұрақты тіркеу осы астанадан болуы керек дейді. Біздің баспанамыздың техникалық құжаты бар. Не үшін тыйым салғанын ешкім түсіндірмеді, - деп шағымданады Әзиза Ілиясова.
Саяжайдың тағы бір тұрғыны, төрт баланың анасы Гүлсана Парманова бұған дейін бір топ ананың осы мәселені айтып, жергілікті әкімдікке шағымданғанын, бірақ әкімдік те мәселені шеше алмағанын айтады.
- Қазір қайда барсаң да тұрақты тіркеудесің бе деп сұрайды. Мысалы, 2020 жылдан бастап беретін жәрдемақының негізгі талабы да сол - отбасы мүшелері бір үйде тіркеуде тұруы керек. Қазір өздеріңіз білесіздер, Нұр-Сұлтанда ешкімнің баспанасы жоқ. Бұл орындалатын талап емес. Біз мемлекеттен үй сұрап жатқан жоқпыз. Бар үйде тіркелуге мүмкіндік берсін. Өз күшімізбен салған үйімізге балаларымызды тіркете алмаймыз. Бұл не масқара?! Осыны шешісін! - деді Гүлсана Парманова. Аналар министр Марат Бекетаевтың шығуын талап етті.
Аналардың айтуынша, Пригородный тұрғын алабында өздері сияқты тұрақты тіркеудің әуре-сарсаңымен жүргендер көп. Бірақ олардың нақты санын айта алмады.
"Қазіргі кезде балабақша, мектеп, емханаға мекен-жай анықтамасы болмаса, қабылдамайды. Сізден сұрайтынымыз, бізге тұрақты тіркеуге тұруға рұқсатты заң жүзінде қайтарып берсеңіздер" делінген әділет министрі Марат Бекетаевқа аналар жазған хатта. Оған 30-дан астам адам қол қойған.
Сәлден соң өзін министрліктің баспасөз хатшысымын деп таныстырған Меруерт есімді қызметкер наразылардың алдына шығып, министр Бекетаевтың іссапарда жүргенін айтып, олардың сұрақтарына жауап бере алатын маман іздестіріп жатқанын айтты.
Азаттық Нұр-Сұлтанның іргесіндегі "Пригородный" саяжайында тұрып жатқан тұрғындардың жұпыны тірлігі жайында бұған дейін де жазған.
Оқи отырыңыз: Билікке талап қойған аналар қысымға шағымданады
Шамамен жарты сағаттан кейін аналарды ішкі істер министрлігі көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова қабылдады. Ол шағымданушыларға "әуелі тиісті мамандармен сөйлесіп, мәселені зерттейін, содан кейін жауабын айтамын" деді. Шенеунік оларды 3 желтоқсанда сағат 18.00-де қабылдайтынын айтты.
ПІКІРЛЕР