Accessibility links

Абақтыда мүгедекке айналған айыпталушыны қамауда қалдырды


Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесі.

Алматының Алмалы ауданы соты 3 желтоқсанда өткен көшпелі отырысында 41 жастағы айыпталушы Жұлдызбек Тәуірбековті қамаудан босату туралы адвокат Фархат Гулиевтің өтінішін қарады. Көшпелі сот Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде өтті.

Адвокат Гулиевтің айтуынша, "Терроризмді насихаттау" және "Әлеуметтік араздық қоздыру" баптары бойынша айып тағылған Жұлдызбек Тәуірбеков 29 мамырдан бері Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу изоляторында қамауда отыр. Көктемде қамауға алынған кезде Тәуірбековтің денсаулығы жақсы болған. Бірақ бір айдан соң оның жүрек дерті асқынып, бірнеше рет реанимацияға түскен. Адвокат Гулиевтің айтуынша, 19 қазанда дәрігерлердің қорытындысы бойынша Тәуірбековке екінші топ мүгедектігі берілген. Бірақ соған қарамастан тергеу изоляторында айыпталушы қажетті медициналық көмек алып жатқан жоқ, сол себепті тұтқынның "жүрек-қан тамыр ауруы одан сайын асқынуы ықтимал" деп қауіптенеді адвокат.

Адвокат Гулиевтің өтінішін айыпталушының анасы және қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашева қолдады. Ол қамауда отырған ұлының денсаулығы барған сайын нашарлап бара жатқанын, оның жүрегін алмастыру қажеттігін, ал түрме жағдайында оған ота жасау мүмкін еместігін айтты.

Айыпталушы Тәуірбеков адвокат Гулиевтің өтінішіне қолдаса, прокурор Мақсат Дәуірбеков қарсылық білдірді.

Прокурор мен қорғау тарабының пікірлерін тыңдап шыққан судья адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады. Бұл қаулыға шағым түсіруге болмайды. Судья Иманқұловтың айтуынша, Тәуірбеков ісі бойынша негізгі сот 3 желтоқсанда басталды. Келесі сот Алмалы аудандық сотында 4 желтоқсанда өтеді.


Жұлдызбек Тәуірбеков "терроризмді насихаттады" және "әлеуметтік араздық қоздырды" деп айыпталған тоғыз айыпталушының бірі. Оның ісі денсаулық жағдайына байланысты жеке қаралып жатыр. Қалған сегіз айыпталушының ісі бойынша сот аяқталған және қарашаның соңында Қазақстанның түрлі аймағына этаппен жіберілген. 5 тамызда Алмалы аудандық соты сегіз адамды 5-8 жыл аралығындағы мерзімге бостандығынан айыруға үкім еткен. 20 қарашада апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG