Accessibility links

Адвокат: Қытайдан қашқан екі қазақтың ісі бойынша тергеу аяқталды


"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

Қытайдан Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы 4 желтоқсанда Азаттыққа олардың адвокаты Ләззат Ахатова хабарлады.

- Тергеу толық аяқталды. Қазір іспен танысу үшін үш күнге осында (Өскемен - ред.) келдік. Іс енді прокуратураға жіберіледі, одан әрі қарай сотқа жөнелтіледі. Енді қамау мерзімін де ұзартатын шығар. Себебі бұған дейін оларды екі айға қамау туралы қабылданған сот шешімінің мерзімі 18 желтоқсанда аяқталады. Зайсанда бір сот өтуі тиіс, - деді Ләззат Ахатова.

Азаттық тілшісі 4 желтоқсанда хабарласқан Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы өкілдері "тараптардан бөлек үшінші жаққа іс жайлы ақпарат бере алмайтынын" жеткізді.

Қазан айының басында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазан айының ортасында ҰҚК оларды "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Адвокат Ләззат Ахатова Өскеменде қамауда отырған екі адамның Қытайда қалған туыстарына қазір қысым жалғасып жатыр дейді. Мұрагер Әлімұлының туыстарының сөзіне сілтеме жасаған адвокат Әлімұлының Қытайда қалған әйелінің "қысымның салдарынан түсік тастаған", Тарбағатай өңірінде қасапшылықпен айналысқан екі жігітпен бірге істеген адамдар да қуғынға ұшырап, түсініктеме жазуға мәжбүр болған деп хабарлады.

- Бұған қоса, Қастердің де бастығы өз-өзіне қол жұмсады деген ақпарат болды. Қастерлер [қазанның] 1-і күні кетсе, ол 6-сы күні көз жұмған. Оған қатты қысым көрсетіп, лагерьге қамаласың деп қорқытқан. Ол жақта лагерьге шақырғандардың арасында өз-өзіне қол жұмсау көбейген, - дейді Ләззат Ахатова. Адвокат бұл ақпаратты сенімді көздерден алғанын айтады.

Азаттық тілшісі Қытайдағы қысым туралы мәліметтің растығына көз жеткізе алмады. Қытайдың Қазақстандағы елшілігі журналистердің сұрағына жауап бермеді.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді бұған дейін баспасөз жиынын өткізіп, егер Қытайға қайтарылса, екеуінің өміріне қауіп төнетінін айтып, Қазақстан билігінен оларға босқын мәртебесін беруін сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG