Accessibility links

АЕ/АР: "Шетел агенттері" туралы жаңа заң журналистерге қауіп төндіреді


Азат Еуропа/Азаттық радиосының Мәскеудегі бюросы.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Мәскеудегі бюросы.

Ресейде қабылданған "Шетел агенттері" туралы жаңа заң Азаттық және Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясымен әріптестік орнатқан жүздеген журналистерге қысымды үдетеді. АЕ/АР президенті Джейми Флайдың мәлімдемесінде осылай деп жазылған. Флайдың айтуынша, "бұл заң тілшілердің жұмысына кедергі келтіру үшін әзірленген және журналистерге қауіп төндіреді".

Азаттықтың Орыс қызметінің Мәскеу қаласында бюросы бар және жергілікті жаңалықтарды қамту үшін Ресейдің түрлі аймағындағы тілшілермен әріптестік орнатқан. Соңғы уақытта Азаттықтың Орыс қызметі түрлі жобалар ашты. Мысалы, Север.Реалии және Сибирь.Реалии жобалары Ресейдің солтүстік және Сібір аймағынан жаңалық таратады. Флай мәлімдемесінде Азаттық радиосының аймақтағы тілшілері мемлекеттік БАҚ қозғамайтын маңызды мәселелерді жиі көтереді делінген. Флай жаңа заңды көптеген журналистердің үнін тұншықтыруға тырысу талпынысы деп атайды және құжат оқырмандарды сан алуан дереккөзінен ақпаратты алу құқығынан айырады деп есептейді.

2 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин "Шетел агенттері" туралы заң деп аталып кеткен құжатқа енгізілетін түзетулерді мақұлдаған. Жаңа заң "шетел агенттері" тізіміне енген ұйымдарда жұмыс істейтін журналистерді "шетел агенті" деп атауға мүмкіндік береді. Мұндай атау шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестік орнатып, солардан ақша алатын немесе өзге де материалдық қолдауға ие жеке тұлғаларға беріледі. Азаттықтың Орыс қызметі бірнеше күн бұрын "кез келген жағдайда жұмысымызды жалғастыра береміз" деп айтқан.

Бұған дейін он шақты халықаралық баспасөзді қорғау және құқық қорғау ұйымы (Amnesty International, Human Rights Watch, "Шекарасыз тілшілер", "Журналистерді қорғау комитеті", т.б.) Ресей билігін заңға әлгіндей түзету енгізуден бас тартуға үндеген. Владимир Путинге ашық хат жазған Ресей зиялылары әлгі заңнан бас тартуға шақырған.

Шетелден қаржыландырылатын ақпарат құралдарын "шетел агенті" деп атауға мүмкіндік беретін заң 2017 жылы қараша айында қабылданған.

Ресей әділет министрлігі "Америка дауысы" және Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының тоғыз редакциясын "шетел агенттері" қатарына енгізген.

Бұл реестрге енген ұйымдар жиі қаржылық есеп беріп, сонымен бірге жариялаған мақалаларында өздерінің "шетел агенті" екенін жазып отыруы тиіс. Заң бұзғандар ірі айыппұл төлейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG