Accessibility links

Тоқаев: Украина мәселесі Норман форматында шешілуі тиіс


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Берлин, 5 желтоқсан 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Берлин, 5 желтоқсан 2019 жыл.

5 желтоқсанда Берлинде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Украина шығысындағы мәселе Норман форматында шешілуі тиіс" деп мәлімдеді. Бұл туралы sputniknews.kz сайты хабарлады.

"Украинаға қатысты айтар болсақ, біздің бірінші президентіміз келіссөз жүргізуге Қазақстан территориясын ұсынды. Әрине, біз Украина мәселесі Норманд форматында шешілуі тиіс деп санаймыз. 9 желтоқсанда Парижде Норманд форматының кездесуі өтетінін білеміз. Біздің Украина халқына ықыласымыз ерекше. Бұл халық тыныш әрі жайлы өмірге лайық деп ойлаймыз" деді Тоқаев.

Тоқаев баспасөз мәслихатында Қазақстан мен Украина арасын достық қарым-қатынас байланыстырып тұрғанын айтты.

5 желтоқсанда Тоқаев Берлинде Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесіп, екі елдің қарым-қатынасын талқылаған.

Тоқаевтың Берлинге сапары алдында германиялық Deutsche Welle телерадиокомпаниясына берген сұхбатта "Қырымда болған жағдайды аннексия деп атамаймыз. Аннексия – тым ауыр сөз" деген. 3 желтоқсанда жарияланған сұхбаттан соң Украина сыртқы істер министрлігі президенттің бұл сөзін сынап, Қазақстанға демарш жолдайтынын мәлімдеген.

5 желтоқсанда Украина сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Украинадағы елшісі Самат Ордабаевты шақырып, кездесу өткізді. Екі тарап Тоқаевтың сөзін талқылаған.

12 қарашада Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путинді бейтарап жер - Нұр – Сұлтан қаласында бетпе - бет кездестіргісі келетінін және оған Владимир Зеленский келісім бергенін хабарлаған. Бірақ Киев пен Мәскеу Назарбаевтың ұсынысын қабылдамады.

Ресей 2014 жылы көктемде Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап, Ресей федерациясының құрамындағы субъект деп жариялаған еді. Сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері ол соғыста 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Батыс елдері Ресейдің Украинаға қатысты іс-әрекетін айыптаған.

"Норман төрттігі" саммиті 9 желтоқсанда Парижде өтеді. Соңғы рет мұндай формат бойынша кездесу 2016 жылы қазан айында Берлинде өткен.

"Норман төрттігі" саммиті - Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлігінің кездесу форматы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG