Accessibility links

Орал соты полицейді видеоға түсірген блогерге ескерту жасады


Блогер Айболат Бөкенов сотта жауап беріп тұр. Орал, 5 желтоқсан 2019 жыл
Блогер Айболат Бөкенов сотта жауап беріп тұр. Орал, 5 желтоқсан 2019 жыл

5 желтоқсанда Оралдың әкімшілік соты блогер Айболат Бөкеновке “полицияның талабына бағынбады” деп ескерту жасады.

18 қарашада полицей көлігі 21 жастағы Лариса Бейсованы қағып кеткен. Ол әлі ауруханада жатыр, халі ауыр. Блогер жол апаты болған жерден видео түсірмек болған.

Орал қалалық әкімшілік сотының судьясы Айнұр Қадырова “Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау” бабы бойынша блогерге ескерту жасады. Бұған дейінгі сот отырысында да прокурор судьядан Бөкеновке ескерту жасауды сұраған.

- Жол апаты болған жерге келгенде Бөкенов арақ ішіп, қызу болды. Сондықтан оның айтқандарына күдік көп. Бұған қоса, Бөкенов журналист болмаса да, полиция қызметкерінен сұхбат алуға тырысты. Бұл заңға қайшы, - деді судья сот шешімін түсіндіргенде.

Айболат Бөкенов сот шешімімен келіспейді және апелляциялық шағым түсірмек.

- Айып дәлелденген жоқ деп санаймын. Сотта жауап берген полицейлердің бірде-бірі жол апаты болған жерден видео көрсете алмады. Ал олардың формасында видеокамера орнатылған. Меніңше, полицейлер түсірілген видеоны әдейі көрсетпей отыр. Себебі онда генерал Аблазимовтің менің қолымнан телефонды қалай тартып алып жатқаны бар, - деді блогер соттан кейін.

Бөкенов жол апаты болған жерден Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығы Мақсұтхан Аблазимовтен видео оқиғаға қатысты пікір алмақ болған.

Полиция көлігі қағып кеткен 21 жастағы Лариса Бейсова ауруханаға ессіз күйде жеткізілген. Ол әлі есін жиған жоқ.

"Жол апатына кінәлі" деген күдікке ілінген 26 жастағы полиция қызметкері Ренат Баймұкашевтің үстінен Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-тармағы "("Жол-көлік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция тергеу амалдары жүріп жатқанын айтады. Бұған дейін полиция "тәртіптік комиссия шешімімен аға лейтенант Баймұқашев қызметтік тәртіпті қатаң бұзғаны үшін ішкі істер органындағы жұмысынан босатылды" деп хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG