Accessibility links

Пелоси Трамп импичменті бойынша нақты баптарды әзірлеуді тапсырды


Спикер Нэнси Пэлоси.
Спикер Нэнси Пэлоси.

5 желтоқсанда АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси президент Дональд Трампты АҚШ конституциясына қайшы әрекет етті деп айыптап, оған импичмент жариялауды қолдады.

АҚШ президенті Дональд Трампқа импичмент жариялау ықтималдығы туралы зерттеу жүргізген АҚШ конгресі өкілдер палатасының комитеті 3 желтоқсанда зерттеу қорытындысы туралы есеп жариялаған еді. Құжатта Трамптың "өкілетін асыра пайдаланғаны", сонымен бірге конгрестегі зерттеуге "кедергі жасағаны" айтылады.

Спикердің айтуынша, президент Трамптың жеке саяси мүддесі үшін Украина билігіне қысым жасағаны зерттеуде дәлелденген. Пелоси өкілдер палатасының заң комитетіне Трампқа қарсы импичмент баптарын әзірлеуді тапсырғанын айтты. Трампқа тағылатын айыптар арасында "билік өкілетін асыра пайдалану" және "әділ сотқа кедергі жасау" сияқты баптар да болады деп айтылады.

Комитет жеке тыңдау өткізіп, импичмент баптарын құрастырған соң оны палатаға дауысқа салуға ұсынуы тиіс. Оған әуелі басым бөлігі демократтардан құралған - өкілдер палатасы, кейінірек басым бөлігі республикашылдардан құралған сенат дауыс береді.

Президент айыптарды жоққа шығарады және 5 желтоқсанда демократтарды импичмент жариялау процесін жеделдетуге шақырды. Сарапшылардың пікірінше, Трамп сенатта өзін қорғау процесін тезірек ұйымдастырғысы келеді.

Егер Трампқа импичмент жарияланса, Трамп өкілдер палатасы оны қызметінен шеттетуді қолдаған АҚШ-тың үшінші президент болады. Алайда АҚШ тарихында бірде-бір сенат президент импичментін қолдамаған.

АҚШ-та импичмент дауы Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазды. Сыншылар Трампты "қызмет өкілетін асыра пайдаланып, ықтимал бәсекелесіне қарсы дерек табуға тырысты" деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме мазмұны белгілі болған соң АҚШ Конгресі өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа "сертін бұзғаны үшін" импичмент жариялау процесін бастаған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өзіне Трамптың қысым жасамағанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG