Германияда Ресейдің әскери барлау қызметіне жұмыс істеді деп күдікке ілінген қызметкерлердің ісі бойынша зерттеу жүріп жатыр. Бұл ақпаратты немістің Der Spiegel басылымы хабарлады. Александр Петров және Руслан Боширов деген лақап ат жамылған "Ресейдің әскери барлау қызметкерлері" Ұлыбританияда ГРУ-дың бұрынғы тыңшысы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипальды улады деген күдікке ілінген.
Басылымның жазуынша, "Нови" атты шартты атауы бар зерттеуді Германияның бас прокуратурасы және криминалды полициясы жүргізіп жатыр. Оған "Скрипальді улау ісінде" Руслан Боширов пен Александр Петров деп аталатын Ресейдің екі азаматының 2014 жылы Германияға баруы түрткі болған. Spiegel мен Bellingcat зерттеу тобының болжамына қарағанда ресейлік 29155 әскери бөлімінің командирінің (Боширов пен Петровқа жетекшілік еткен) Германияда байланысы болған. Әңгіме генарал-майор Андрей Аверьянов жайында болып отыр. Ол жайлы бірқатар ақпарат құралдарының зерттеуінде, Азаттықтың Орыс қызметінің зерттеу мақаласында да айтылады.
Spiegel басылымы биыл жазда Берлинде атып өлтірілген Грузия азаматы Зелимхан Хангошвилидің өлімі бойынша тергеуді еске салады. 3 желтоқсанда Bellingcat және оның әріптестері қолда бар деректерге сүйене отырып, Хангошвилиді Ресей азаматы Вадим Красиков атқан болуы мүмкін деп хабарлады. Ол Германияға басқа төлқұжатпен барған. Жұма күні жарияланған Bellingcat-тың жаңа зерттеуінде Красиковтың ФСБ-ның "Вымпел" арнайы жасақ тобында қызмет етукен болуы мүмкін екені жазылған. Осыған дейін Германия билігі Мәскеуді Хангошвилидің өліміне қатысты тергеу амалдарына қажетті дәрежеде атсалыспады деп айыптаған.
2018 жылғы наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында советтік "Новичок" уынан уланып қалған Сергей Скрипаль мен қызы Юлияны ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізген. Екеуі ұзақ уақыт емделіп аман қалған. Қазір олардың қайда екені белгісіз. Лондон оларға қастандықты Кремль ұйымдастырған деп мәлімдеп, Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған.
Ұлыбритания билігі Солсберидегі қастандықты "Александр Петров" және "Руслан Боширов" деген адамдардың атын жамылып келген ресейлік әскери барлау қызметкерлері жасаған деп санайды. Бұл оқиғаны зерттеген Bellingcat тобы мен The Insider басылымы "Петров" пен "Бошировтың" шын аты-жөні Александр Мишкин және Анатолий Чепига деп хабарлаған.
Мәскеу "Новичок" уын ресейлік жансыздар қолданған деген айыптауды бірнеше рет жоққа шығарып, мұны "Ресейге қарсы байбаламды қоздыру мақсатымен әдейі ұйымдастырған" деп британдық арнайы қызметті айыптаған.
ПІКІРЛЕР