Ресеймен интеграцияға қарсылық білдірген жүздеген адам жексенбі күні Минск орталығына жиналды. Таңертең Октябрь алаңына шоғырланғандар кейінірек Ресей елшілігіне дейін шерулетті. Олар Беларусь халық республикасы оппозициясының символына айналған ақ-қызыл ту мен Еуродақ туын, сондай-ақ "Интеграцияға жол жоқ" деген жазуы бар плакаттар ұстап жүрді. Полиция акцияға кедергі жасамады.
Акцияны ұйымдастырушылардың бірі "Беларусь христиан демократиясы" партиясының тең төрағасы Павел Северинец көшеден түнде де кетпеуге шақырды. Ол акцияға өзі күткендегіден бірнеше есе көп адам келгенін атап өтті.
Ресеймен интеграцияға қарсы акция сенбі күні Сочи қаласында Беларусь пен Ресей президенттерінің кездесуі кезінде басталған болатын. Кездесуде Лукашенко мен Путин екі мемлекет интеграциясын тереңдете түсетін бірқатар құжаттарға қол қоятыны хабарланған, бірақ оның қандай құжаттар екені ашық айтылмаған.
Путин мен Лукашенконың бес сағаттан асқан келіссөзінің қорытындысы бойынша баспасөз конференция өткен жоқ. Ресейдің экономикалық даму министрі Максим Орешкин бұрын шешілмеген бірқатар мәселелерді шешудің сәті түскенін мәлімдеді. Екі мемлекет басшыларының келесі кездесуі 20 желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетіні хабарланған.
Лукашенко мен Путиннің кездесуін беларусь оппозициясы "астыртын келісім" деп санайды. Бірнеше оппозициялық партияның жетекшілері беларустарды қарсылық акциясын жалғастыра беруге шақырды. Олар Беларусь Ресей құрамына кіріп, тәуелсіздігінен айырылуы мүмкін деп қауіптенеді.
Беларусь пен Ресей 20 жыл бұрын екі мемлекеттің одақтастығы туалы келісімшарт жасасқан еді. Көбіне қағаз жүзінде қалған бұл шартта ортақ валюта, сот және ортақ кеден құру мәселесі айтылған.
ПІКІРЛЕР