Accessibility links

WADA атлеттер комитеті Ресейді Олимпиададан шеттетуге шақырды


WADA атлеттер комитетінің төрайымы, шаңғыдан олимпиада чемпионы, канадалық Бекки Скотт.
WADA атлеттер комитетінің төрайымы, шаңғыдан олимпиада чемпионы, канадалық Бекки Скотт.

Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің атлеттер комитеті (WADA) Ресей спортшыларына санкция салу мәселесі қарастырылғанда оларды 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиададан толығымен шеттетуге шақырды. Бұл ақпаратты Би-би-си хабарлады. Танымал 17 спортшы Ресейдің «допинг дауына» ілікпеген спортшыларына ғана Жапонияда өтетін олимпиадаға рұқсат беру және оларды бейтарап тумен қатыстыру жайлы Халықаралық олимпиада комитетінің бастамасы жеткіліксіз деп біледі.

Осылайша атлеттер комитеті Ресейге мейлінше қатаң санкция салуды құптайтын АҚШ пен Ұлыбританияның антидопинг агенттіктерінің талаптарына қосылды.

Атлеттер комитетінің мәлімдемесінде "комитеттің тоғыз мүшесі ең дұрысы Ресей спортшыларының алдағы екі Олимпиадаға қатысуына тыйым салу керек деп санайды. Үнемі және көпе-көрнеу алдау мен жемқорлық - адал спортшыларды ғана емес, өз ұстанымдарын қорғағысы келетіндерді де қорлау болып табылады" деп жазылған.

Ресей спортшыларын жарыстардан төрт жылға шеттету туралы мәселе 9 желтоқсанда WADA атқарушы комитетінің отырысында шешіледі.

25 қарашада WADA комитеті Ресейді барлық халықаралық жарыстардан төрт жылға шеттету жайлы ұсыныс жасаған. Бұл ұсыныс бойынша, төрт жыл бойына Ресей туын ешбір жарысқа алып шығуға болмайды, тек қандай да бір спорт талабын бұзуға қатысы жоқ екенін дәлелдеген жағдайда ғана Ресей спортшылары бейтарап ту астында жарысқа қатыса алады.

Халықаралық олимпиада комитеті Ресейге мейлінше қатаң санкция салуды, тіпті, Олимпиада ойындарынан Ресей құрамасын шеттетуге дейінгі шараларды қолдайтынын мәлімдеді.

Биыл қаңтарда WADA "Мәскеу лабароториясынан мәліметтер базасын алдырғанда Ресей спортшыларының допинг сынамаларына байланысты тағы да қитұрқы әрекеттер байқалды, допинг болуы мүмкін жүздеген сынамалар жоқ" деген мәлімдеме жасаған.

Ресей спортында допинг дауы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Соның салдарынан Ресей құрамасы 2016 жылы өткен Ойындарға жіберілмеген. Ресей билігі допинг бағдарламасы мемлекет деңгейінде жасалғанын жоққа шығарады.

Таяуда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев жыл сайынғы баспасөз конференциясында "Ресей спортында допинг мәселесі бар екенін" мойындай отыра қазіргі үндеулерді "Ресейге қарсы шет-шегі жоқ сериал" деп сипаттаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG