Еуропа Одағы адам құқығы саласында АҚШ-тың "Магнитский актісіне" ұқсас құжат негізінде санкция механизмін жасауды жоспарлап отыр. Бұл ақпаратты Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мәлімдеді.
Оның айтуынша, санкция режимінің ауқымы "кең", Еуроодақ басшылары идеяны бір ауыздан мақұлдаған. Жақын арада Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша қызметі қажет құжаттарды әзірлей бастайды.
"Магнитский актісін" АҚШ Конгресі 2012 жылдың соңында қабылдаған. Бұл құжат 2009 жылы Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитскийдің құрметіне осылай аталып кеткен. Магнитский Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген. Ресми дерек бойынша, Магнитский тергеу изоляторында жүрек ауруынан қайтыс болған. Құқық қорғаушылар тергеу изоляторы қасақана түрде Магнитскийдің емделуіне мүмкіндік бермеді деп санайды және оның өлімінің шынайы себебін жасырды деп кінәлайды.
АҚШ конгресі қабылдап, кейінірек кеңейтілген заңда "адам құқығын бұзу және жемқорлыққа қатысы бар" адамдарға экономикалық санкция салу және виза бермеу жағы қарастырылған. Бұған ұқсас құқықтық акті Ұлыбритания, Канада, Эстония, Латвия және Литвада қабылданған.
ПІКІРЛЕР