Accessibility links

Қазақстанда 3,5 мыңнан астам нысан террордан қорғалмаған


2016 жылы 5 маусымда террористік шабуылға ұшыраған орынның бірі. Ақтөбе, 8 маусым 2016 жыл.

Қазақстанда 3,5 мыңнан астам нысан террордан қорғалмаған, олардың арасында білім беру мекемелері де бар деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Татьяна Яковлева.

"2015 жылдан бастап заңнамаға нысандарды терроризмнен қорғау жөнінде талап енгізіліп, сәйкесінше тексеру жұмыстары жүргізілген. 2019 жылы мемлекеттік органдарға қарайтын 10 мыңнан астам нысанды тексеру кезінде олардың 35 пайызынан заңбұзушылық анықталған. Олар - бірінші кезекте маңызды мемлекеттік стратегиялық нысандар, арасында білім беру нысандары да бар" деді Яковлева сәрсенбі, 11 желтоқсанда мәжілісте.

Сәрсенбі күні мәжілісте "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөнінде кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланған еді. Мәжіліс отырысында нысандардың террордан қорғалмауының басты себебі қажетті дәрежеде қаржыландырмау екені айтылды.

Бұл мәселе бойынша журналистер сұрақтарына жауап берген ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризммен күрес орталығы штабы бастығының орынбасары Герман Диденко "депутаттар орынды мәселе көтерді, жұмыс тәртібі бойынша мәселені шешеміз" деп жауап берді. Оның айтуынша, 2018 жылы нысандарға қауіпсіздік жүйелерін орнату үшін 1,5 миллиард теңге бөлінген. Диденконың сөзіне қарағанда, нысандарды қауіпсіздік жағынан тексерумен ішкі істер министрлігі айналысады, ал орталық үйлестіру мәселелеріне жауапты.

Қаржы министрі Әлихан Смаиловтың айтуынша, қазір "террордан қорғалмаған" нысандар қатарына енген мектептер үшін ең негізгі мәселе камера орнату және тиісті офицерді бекіту мәселесі болып отыр. Оның айтуынша, терроризм және діни экстремизммен күрес бойынша бес жылға арналған тиісті бағдарлама қабылданған. Биыл сол бағдарламаны іске асыру үшін 58 миллиард теңге бөлінген. Келесі жылы - 26 миллиард теңге, әрі қарай жыл сайын 36 миллиард теңгеден бөлінбек.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Днепрде вирустан қайтыс болуы мүмкін адамдарға қабір қазып қойды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
XS
SM
MD
LG