Accessibility links

Теміртауда арнайы аспап ауаның қатты ластанғанын көрсетті


Теміртау қаласы. Көрнекі сурет.

Экологияға байланысты жиі шағым түсетін Теміртау қаласында арнайы аспап екі күннен бері ауаның қатты ластанғанын көрсетіп тұр.

"Отражение" қоғамдық экологиялық ұйымының белсенділері орнатқан онлайн-мониторинг аспап қаланың үш ауданында ауаның қатты лас екенін көрсеткен. Ол аумақта аспап қызыл және күлгін түсті көрсетіп тұр. Ұйым сайтының дерегінше, мұндай жағдайда тұрғындар далада ұзақ жүрмеуі тиіс және сыртқа шыққанда қорғау маскілерін киюі керек.

11 желтоқсанда таңертең жаңа жауған қардың біртіндеп сұр қарға айналғаны байқалды. Қалада жағымсыз иіс сезіледі, түтіннің кесірінен айнала жөнді көрінбейді. Әлеуметтік желіде экобелсенділер жергілікті тұрғындарды "таңертең қалада жағдай күрделірек болатынын" айтып, сақ болуға шақырды.

"Отражение" экологиялық ұйымының айтуынша, аспап қызыл түсті көрсеткен жағдайда кез-келген тұрғын лас ауаның денсаулығына әсерін сезе бастайды, ал тым "сезімтал" адамдардың жағдайы одан да күрделі болуы мүмкін.

Аспап "күлгін" түсті көрсеткен кезде қала тұрғындарының бәріне қауіп бар дегенді білдіреді. Мұндай кезде тыныс алу ауруларына шалдыққан, астмасы бар адамдар далада жүрмеуі тиіс.

Теміртауда ауа сапасын бақылау аспабын орнатқан қоғамдық ұйым белсенділері тұрғындарға ауа сапасын жиі бақылауға кеңес береді. Аспап ауа құрамындағы қауіпті PM2.5 бөлшектерді ғана тіркейді. Бірақ тәуелсіз экологтардың айтуынша, осы дерекке сүйеніп-ақ Теміртауда ауаның қатты ластанғанын білуге болады.

Қыркүйек айында Нұр-Сұлтаннан келген шенеуніктер қала экологиясына арналған жиында ауадағы зиянды қалдықтардың төрттен бірін Теміртау қаласы шығарады деп айтқан. Қалада өнеркәсіп қалдықтарының 80 пайызын "АрселорМиттал Теміртау" металлургиялық комбинаты шығарады.

Экологтардың айтуынша, қалада газдан тазартатын құрылғылар дұрыс жұмыс істемейді, жасыл-желек, ағаш аз. Тұрғындар ауаны ластаушы компаниялар төлейтін айыппұл облыстық бюджетке емес, Теміртау бюджетінде қалып, жергілікті экологиялық мәселелерге жұмсалуы тиіс деп есептейді.


  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG