Accessibility links

Жаңаөзенде жедел жәрдем жүргізушілері жалақыны көбейтуді талап етті


Жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.
Жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.

11 желтоқсанда Жаңаөзен қаласындағы жедел жәрдем қызметінің 17 жүргізушісі Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысы әкімдігіне келді. Олар еңбекақыларының аздығына шағымданып, жалақыларын көтеруді талап етті.

Наразы жүргізушілер денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың былтыр маусымда медицина саласының қызметкерлері жалақысы 30 пайызға көтерілетінін хабарлап, өскен айлықты басқа емханадағы жүргізушілер алып отырғанына сілтеме жасады.

Жедел жәрдем жүргізушілерінің бірі Мұрат Белбаевтың айтуынша, еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді жүргізушілер бірнеше жылдан бері талап етіп келеді. Ол биылдың өзінде әкімдікке үш мәрте хат жолдағандарын айтады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің алдына жиналған жүргізушілерді алдымен полиция қызметкері қарсы алып, олардан қоғамдық тәртіпті бұзбауды талап етті.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әнуар Сағымбаев жиналғандармен кездесіп, қаржыландырудың ұжымдағы адам саны мен тұрғындар санына қарай бөлінетінін, бұл жедел жәрдемнің үкіметтік мекеме екенін айтып түсіндірмек болған. Бірақ оның сөзімен наразы жұмысшылар келіспей, облыс әкімімен кездесуді талап етті.

- Көліктерді өзіміз жөндейміз. Санитардың жұмысын қоса атқарамыз, қолымыз қан-қан болып, носилкамен ауруларды да тасимы. 60 мың теңге азық-түлікке жете ме, осыны айтыңдаршы, - дейді жүргізушілердің бірі.

Кейін жүргізушілерді Маңғыстау облыс әкімінің орынбасары Әлихан Қыраубаев қабылдап «мәселені терең зерттеу керектігін» айтқан.

Бұл – жаңаөзендік жедел жәрдем жүргізушілерінің бірінші наразылығы емес. Олар Азаттыққа былтырғы желтоқсанда да жиналып еңбек жағдайының нашарлығы мен жалақы туралы айтқан еді.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2019 жылдың маусым айындағы есебінде медицина қызметкерлерінің жалақысы перзидент тапсырмасы бойынша биылғы маусымнан 30 пайызға өсетінін, ал 2020 жылы тағы 30 пайызға көтерілетінін айтқан еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG