Accessibility links

Каримованың швейцариялық адвокатының Өзбекстанға кіруіне тыйым салынды


Гүлнара Каримова отырған түрме.
Гүлнара Каримова отырған түрме.

Өзбекстанның бас прокуратурасы бұрынғы президент Ислам Каримовтың үлкен қызы, қазір Ташкент түрмесінде қаржы қылмысына байланысты жазасын өтеп жатқан Гүлнара Каримованың швейцариялық адвокаты Грегуар Манжаның Өзбекстанға кіруіне тыйым салды. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, бұл ақпаратты бас прокуратура 10 желтоқсанда мәлімдеген.

Ведомствоның хабарлауынша, Грегуар Манжа "жарнамалау мақсатында Өзбекстанның қамау орындары туралы жалған ақпарат таратқан". Шешімге осы жайт негіз болған. Бас прокуратура таратқан ресми хабарламада бұған қоса, Швейцарияда "Гүлнара Каримованың ісіне" байланысты адвокаттың мандаты шектелгені, Швейцария билігінің құқықтық көмек жайлы өтініші негізінде ғана бұған дейін Өзбекстанға келе алғаны жазылған.

Бас прокуратураның айтуынша, Каримованың жақындары Өзбекстаннан басқа адвокат тауып та қойған. Грегуар Манжа - Швейцарияда қаржылық қылмыс бойынша айыпталған адамдарды құқықтық қорғаумен айналысатын заң фирмасын басқарады. Соңғы рет ол Twitter-дегі парақшасында Гүлнара Каримовамен кездесуде түрлі тосқауылдарға кезіккенін, өзі қорғап отырған адамның азаптауға ұшырағанын, Каримованың сот процесінің ашық өтпегенін сынап, жазған.

Өткен аптада Лондонда тұрып жатқан Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова Instagram-да Өзбекстан билігі анасының қамау мерзімін бесінші рет ұзартты деп хабарлаған. Бірнеше күннен кейін Өзбекстанның бас прокуратурасы мәлімдеме таратып, "Гүлнара Каримова өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істеген тағы бір қылмыстық топқа жетекшілік еткен", "қылмыстық топ мемлекетке 185 миллион доллар көлемінде зиян келтірді" деп мәлімдеді.

2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айырған. 2018 жылы шілде айында сот Каримованың жазасын жеңілдетіп, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Биыл наурызда Өзбекстан билігі үйқамақта отырған 47 жастағы Гүлнара Каримованы "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзғаны үшін" түрмеге қамаған.

Бір кездері Өзбекстандағы ықпалды тұлғаларының бірі саналған және кәсіпкер әрі әнші ретінде де танылған Гүлнара Каримова 2014 жылы президент әкесінің қырына ілінген соң көпшілікке көрінбей кеткен. Ислам Каримов Өзбекстанды 1989 жылдан бастап 2016 жылы қайтыс болғанға дейін басқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG