Оралда 9 желтоқсанда үшінші топтағы мүгедек Бекболат Өтебаев әкімдік алдына "әлеуметтік әділдікті талап етемін" деген жазуы бар плакатпен шығып, аштық жариялайтынын айтқан. Ер адам денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайтынын айтып, банктегі екі несиесін кешіруді талап еткен.
Аштық акциясын жалғастырған Өтебаевты 10 желтоқсанда Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шақырған. Өтебаевтың сөзіне қарағанда, кездесу кезінде қарыз алған банктен өкіл де келген. Банк қызметкері "қарызды" тоқтатып қоятынын айтқан.
- Әкім еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деңгейінде мәселе шешіледі, несиені кешіру үшін мені әлеуметтік көмекке зәру азаматтар қатарына қосты деп айтты. Әзірге бұл мәселе қарастырылып жатыр, банк несиені төлемегені үшін айыппұл қосуды тоқтатты. Бұған қоса, банк несиенің бір бөлігін өзі төлейтін болды, - деді Өтебаев.
Өтебаевтың айтуынша, бұған дейін банк оның несиесін кешіруден бас тартқан, "барлық мемлекеттік органдардың назарын аударту үшін" аштық акциясын жариялауға мәжбүр болған.
Ол әкіммен кездесу кезінде өзінің денсаулығы нашарлап, қан кеткенін айтады. Сәлден соң жедел жәрдем көлігі келіп, ауруханаға алып кеткен.
- Әкім кабинетінде өзімді нашар сезініп, маған жедел жәрдем көлігін шақыртты. Менің асқазаным ауырады, сол үшін үшінші топ мүгедектігін алғам, қатаң диета ұстанамын - күніне алты рет тамақ ішуім керек. Екі күн нәр татпағандықтан қан кетті. Маған система қойды, процедурадан кейін жағдайым жақсарды, - деді Бекболат Өтебаев телефон арқылы Азаттыққа.
Бекболат Өтебаевтың айтуынша, ол бір жыл бұрын банктен екі несие (барлығы 573 мың теңге - шамамен 1,5 мың доллар) алған. Бірін емделуі үшін жұмсаған, екіншісін қызының оқу ақысына төлеген. Ақырында емделе алмай, керісінше денсаулығы нашарлап, жұмыс істеу қабілетінін айрылғанын, сол себепті несиесін өтей алмай қалғанын айтады.
- Мүгедектік бойынша 30 мың теңге көлемінде жәрдемақы ала бастадым. Бір жыл бойы қызымның 30 мың теңгелік жәрдемақысы (қызының бала кезінен мүгедектігі бар) мен әйелімнің 36 мың теңгелік жалақысына күн көрдік. 66 мың теңге - отбасымыздың бар табысы осы. Үйде нан жоқ болды, - дейді Бекболат Өтебаев.
Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы Азаттыққа Өтебаевты жедел жәрдем көлігі облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізгенін, қазір оның стационарлық жағдайда емделіп жатқанын айтты. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалайды.
ПІКІРЛЕР