Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмекті беру кезінде заң бұзғаны үшін 200-ден астам адамның жазаланғанын айтты.
"194 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, үш бөлім жетекшісі қызметінен босатылды, 15 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қазір олардың екеуінің ісі бойынша сот шешімі шықты, 13 адамның ісі әлі қаралып жатыр" деді Нұрымбетов 12 желтоқсанда сенат отырысынан кейін журналистерге.
Атаулы әлеуметтік көмек бойынша өтінішті қарау ережесіне сәйкес, учаскелік комиссия құрамына жергілікті басқару орган, қоғамдық ұйым, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органы өкілдері кіреді. Олар өтініш берген отбасылардың әлеуметтік жағдайын тексеріп, көмекке қаншалықты лайық-лайық еместігін анықтайды. Министрдің айтуынша, дегенмен соңғы шешімді комиссия емес, өкілетті орган қабылдайды. Министрдің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек биыл 450 мың отбасыға берілген.
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек көлемі ел астанасында уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес қызы қаза тапқаннан кейін бірнеше қалада жаппай наразылық білдірген көп балалы аналар талабынан кейін сәуір айында көтерілген.
Тамыздың 21-і күні "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің отырысында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жәрдем сұраған көп балалы әйелдердің "мемлекетпен ақылдаспағанын", сондықтан отбасын асырау олардың "өз мәселесі" екенін айтқан.
Қыркүйектің 2-сі күні жарияланған Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы төмен отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмекті "азаматтарды еңбекке ынталандыратын, ашық, әділ жолмен беруді" ұсынды. Бір айдан соң еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте атаулы әлеуметтік көмектің "жаңартылған" жобасын таныстырған болатын.
9 желтоқсанда министр 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға жәрдемақы тағайындалғанда отбасының табысына қарамайды деп мәлімдеген. Оның айтуынша, 4 балаға - 42 496 теңге, 5 балаға - 53127 теңге, 6 балаға - 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға - 74 388 теңге беріледі. Сонымен қатар жаңа жылдан бастап "кепілдендірілген әлеуметтік топтама" беріле бастайды деген.
Оқи отырыңыз: Жаңа жылдан бастап берілетін әлеуметтік жәрдемақылар нақтыланды
ПІКІРЛЕР