Accessibility links

Ақтөбеде "жүзден астам қой ұрлады" деп күдікке ілінгендер қамалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы Қобда ауданы Сарыбұлақ ауылы тұрғынының 113 бас қойын айдап әкетті деп күдікке ілінген екі адам қамауға алынды. Екеуі де - Қобда ауданының тұрғыны. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияның болжамынша, Сарыбұлақ ауылынан ұрланған малды күдіктілер аудан орталығы Қобдаға айдап алып барған. "Бес қасапшыны жалдап, 23 бас қойды сойып бола берген кезде күдіктілер қолға түсті" деп хабарлады полиция.

Бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза - бес жылға дейін бас бостандығынан айыру. 11 желтоқсанда сот күдіктілерді екі айға қамауға санкция берген.

Полиция дерегінше, биыл Ақтөбе облысында мал ұрлығымен байланысты 229 оқиға тіркелген. Мыңнан астам мал ұрланған. Мал ұрлығы әсіресе, Алға мен Қобда аудандарында жиі кездеседі. Полиция қылмыстың көптігін мал иелерінің төрт түлікті өріске қараусыз жіберетіндігімен байланыстырады.

"Облыста өрістегі малға арнайы чип орнататын шаруашылықтар өте аз" дейді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысында мал ұрлығымен байланысты қылмыстардың 30-40 пайызы ғана ашылады. Биыл жыл басында шаруалар Ақтөбе облысының "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесіне барып, облыста мал ұрлығының көбейіп кеткеніне шағымданған болатын.

Сол жиында Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Азамат Дүйсембеков мал ұрлығына қатысты істерді тергеу барысында полицияның кемшілік жібергенін растап, ұрлық деректерінің бақылауға алынғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG