Accessibility links

Amnesty Қазақстаннан "Шыңжаңнан қашқан" екі қазақты Қытайға бермеуді талап етті


"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.
"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен "қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті" деп айыпталған шыңжаңдық екі қазақ Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап етті.

Ұйым Қазақстан билігі Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын қамаудан тез арада босатып, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқатуы тиіс деп санайды. AI Қазақстан екі қазаққа құқықтық көмек көрсетіп, босқын мәртебесін беруі керек деп есептейді.

"Қазақстан Босқын мәртебесі Конвенциясына сай, қуғын мен қинау қаупі төнген елден қашқандарға көмек көрсетіп, адам құқығы бойынша халықаралық міндеттерін орындауға міндетті" дейді Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Хеза Макгилл.

Қазан айының басында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазан айының ортасында ҰҚК оларды "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Желтоқсанның басында адвокат Ләззат Ахатова Азаттық тілшісіне тергеу амалдары аяқталғанын, іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлаған. Адвокат Өскеменде қамауда отырған екі жігіттің Қытайда қалған туыстарына қысым жалғасып жатқанын да айтқан.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

6 желтоқсанда ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Дархан Ділманов "Сот және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары түгелдей аяқталғаннан кейін біз бұл азаматтарды мейлі Қытай болсын, мейлі басқа мемлекет болсын, келген еліне қайтарамыз. Нақты бұл жағдайда біз Қытай Республикасына шекаралық өкілдік қызметі арқылы тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет мәселемен өзі айналысады" деген.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді бұған дейін баспасөз жиынын өткізіп, егер Қытайға қайтарылса, екеуінің өміріне қауіп төнетінін айтып, Қазақстан билігінен оларға босқын мәртебесін беруін сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG