Accessibility links

Сот "Нұр Отан үшін садақа сұраған" белсенділердің арызын қанағаттандырмады


Белсенді Санавар Закирова сотта тұр. Нұр-Сұлтан, 12 желтоқсан 2019 жыл.
Белсенді Санавар Закирова сотта тұр. Нұр-Сұлтан, 12 желтоқсан 2019 жыл.

12 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған әкімшілік соты қаладағы "Әзірет Сұлтан" мешіті алдында "Нұр Отан" партиясы мүшелеріне берешек моральдық шығынды "өтеу үшін" садақа сұраған әйелдердің шағымын қарап, қанағаттандырмады.

Санавар Закирова, Зинакүл Құтмамбетова, Любовь Бисембаева және Гүлнар Оразғұлова 6 қарашада Нұр-Сұлтандағы мешіттің алдында жұрттан ақша жинаған. Олар садақадан түскен ақшамен "Нұр Отан" мүшелерінің моральдық шығынын өтемек болған. Белсенділерді полиция ұстап әкетіп, олардың әрқайсына Әкімшілік кодекстің "Қоғамдық орынның шырқын бұзу" бабымен 12 мың теңге (шамамен 32 доллар) айыппұл салған. Әйелдер "полиция айыппұлды заңсыз салды" деп, соттан хаттаманы жоюды талап еткен.

Сотқа арызданған Зинакүл Құтмамбетова 12 желтоқсандағы сотта "Санавар Закированы аяп, оған көмектесу үшін ерікті ретінде мешіт алдына барып, садақа сұрағанын" айтты.

- Біздің айналамызда полиция өкілдері толып жүрді. Бірақ бізге ешкім ештеңе ескертпестен Алматы аудандық полиция басқармасына алып барып, хаттама толтырды. Ескертсе, біз бірден кетер едік, - деді ол.

Гүлнар Оразғұлова мен Санавар Закирова да өздерінің тек садақа сұрағандарын, ешкімге тиіспегендерін айтты.

Санавар Закированың сөзінше, полиция хаттамада оларды қайыр сұрап, адамдарға бөгет келтірді деп айыптаған. Ол отырыс кезінде суреттер көрсетіп, өздерінің ешкімге кедергі келтірмегенін дәлелдеуге тырысқанымен, сот оны ескермеді. Судья Бақытжан Ахметқалиев Құтмамбетова мен Закированың "полиция хаттамасын жою" туралы арыздарын қанағаттандырмады.

Соттағы үзіліс кезінде Закирова полиция қаулысын алып келіп, судьядан оны да қабылдауды сұрады. Бірақ сот полиция қаулысын жою туралы басқа арыз жазу керегін айтты.

– Бұл – әкімшілік соттың құзырында қаралатын арыз емес. Инспектор сіздерге полиция қаулысының мекенжайға жіберілгенін айтты. Егер ол қаулыны алмасаңыздар, Алматы аудандық полиция бөлімшесіне барып жазбаша түрде сіздерді жауапқа тартқан қаулы көшірмесін сұраңыздар. Қаулыны алған соң жоғары тұрған органға немесе әкімшілік сотқа арыздана аласыздар, – деді ол.

Санавар Закирова полиция қаулысы бойынша әкімшілік сотқа арызданатындарын, ал "хаттаманы жоюға" бүгінгі сот шешіміне апелляция шағым түсіретіндерін айтты. Белсенді "егер жеңіліп қалсақ, садақадан түскен 85 мың теңгеге жуық ақшаны айыппұлға төлеуге мәжбүр боламыз" дейді.

Қарашада Алматы қаласындағы сот Закирова мен оның екі жақтасын "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне 6 миллион теңге (15 мың доллар) төлеуге міндеттеген. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (наурызда президенттіктен кеткен, бірақ биліктің бір бөлігін ұстап отыр) басқаратын "Нұр Отанның" төрт мүшесі "белсенділер желіде партия жайлы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратты" деп сотқа берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG