Accessibility links

Ирактан қайтарылған балалар жақын туыстарына берілді


Ирактан қайтарылған балаларды туыстарына тапсыру шарасы.
Ирактан қайтарылған балаларды туыстарына тапсыру шарасы.

Ирактан қайтарылған балалар жақын туыстарына берілді деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Министрлік таратқан баспасөз хабарламасында Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтанда "Бәйтерек" монументінде Ирактан Қазақстанға қайтарылған балалардың жақын туыстарына берілгені жайлы жазылған.

"Олардың болашағы мемлекет тарапынан бақылауда
болады. Олар елдегі барлық балалармен бірге жалпы білім беру
мекемелерінде еш кедергісіз білім алатын болады" делінген хабарламада.

Қараша айының соңында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ирак түрмелерінде аналарының жанында болған 14 баланы елге эвакуациялағанын хабарлаған. Министрліктің айтуынша, олардың аналары Ирак түрмелерінде "террористік әрекетке қатысы болғаны үшін" жазасын өтеп жатыр.

Қазақстан биыл жаңа жылдан бастап "Жусан" операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағындағы азаматтарын қайтара бастады. Әр операция сайын Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, нақты санын көрсеткен. Алайда ҰҚК берген дерек пен "Жусан" операциясы бойынша қайтарылғандар туралы мәліметте айырма барын Азаттық бұған дейін жазған.

Оқи отырыңыз: Сирия мен Ирактан қайтарылғандардың ресми есебі әртүрлі

Қараша айында Азаттықтың ресми сауалына жауап берген Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирия мен Иракта Қазақстанның әлі де 100-ге жуық азаматы бар екенін хабарлаған.

Сириядан Қазақстанға жеткізілген азаматтардың кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG