Accessibility links

Түркістан облысында журналист Батырбековке байланысты тағы бір сот өтіп жатыр


Журналист Амангелді Батырбеков пен оның адвокаты апелляциялық сот отырысында. Түркістан, 22 қараша 2019 жыл.
Журналист Амангелді Батырбеков пен оның адвокаты апелляциялық сот отырысында. Түркістан, 22 қараша 2019 жыл.

Түркістан облыстық соты "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға қамалған журналист Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қарап жатқан тұста Сарыағаш аудандық сотында журналистің үстінен түскен жеке шағым бойынша тағы бір сот жалғасып жатыр.

Сотқа жеке шағымды медиатор, "Заңғар Медет" қоғамдық қорының төрайымы Ләйла Дарханбаева түсірген. Ол Батырбеков Facebook парақшасына "Ләйла Дарханбаева алаяқ па әлде өтірікші ме?" деген жазба жариялап, "қасақана ар-намысыма тиді, қызметтік беделіме нұқсан келтірді" деп айыптайды. Дарханбаева журналистің жазбасын бөлісіп, пікір айтқан тағы бес адамның үстінен де шағым түсірген. Олардың арасында журналист Амангелді Батырбековтің де әйелі бар.

Амангелді Батырбеков шағыммен келіспейді. Ол шағым түсіруші жазбадағы сөзді бұрмалады деп есептейді. Айыпталушылардың бірі Гүлшан Артықбаева жазбаны бөлісіп, "Ләйла Дарханбаева кім?" деп жазғаным үшін басым дауға қалды дейді.

13 желтоқсанға белгіленген сот отырысы айыпталушы Құдірет Ережепбаевты мәжбүрлеп сотқа алып келу қаулысы шығарылса да, отырысқа келмегені үшін кейінге қалдырылды.

Сарыағаш аудандық сотының судьясы Берік Каиповтың Азаттыққа айтуынша, жеке шағым аудандық сотқа 4 қараша күні түскен. Алғашқы сот отырысы 18 қарашада өткен. Содан бері бес рет сот отырысы тағайындалған. Алғашқы сот отырысына Батырбеков түзеу мекемесінен видео арқылы қатысқан. Кейіннен сот отырысына алып келу туралы қаулы шығарылған.

Қыркүйек айының соңында "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбеков "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынған. Оны Келес аудандық білім бөлімінің басшысы "желідегі жазбасында жала жапты және қорлады" деп сотқа берген. Сот үкіміне журналист апелляциялық шағым түсірген. Түркістан облыстық соты Батырбековтың апелляциялық шағымын 12 қарашада қарай бастаған. 25 қарашада оның жазбасына сараптама тағайындаған.

Амангелді Батырбеков тағылған айыптар мен сот үкімін мойындамайды, өзін кінәсізбін деп санайды.

Оқи отырыңыз: "Шекарасыз тілшілер" Қазақстан билігін журналист Батырбековті босатуға шақырды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG