Accessibility links

Шыңжаңдағы туыстарынан хабар ала алмай отырған Алматы тұрғыны пикет өткізді


Жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған Алматы тұрғыны Марат Құрбанов. Алматы, 13 желтоқсан 2019 жыл.

13 желтоқсанда түстен кейін Алматы тұрғыны Марат Құрбанов Қытай тауарларының көрмесі өтіп жатқан "Атакент" көрме орталығының алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Үш жылдан бері Шыңжаңдағы туыстарынан хабар ала алмай отырғанын айтқан ер адам олардың тағдырына алаңдап отырғанын айтып, Қытайдың Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатына қарсы екенін жеткізді. Оның қолында хабарсыз кеткен туыстарының суреті бар және "Қытайға қайтарылса, өлім жазасына кесілуі мүмкін Қастер мен Мұрагерге саяси баспана берілсін" деген жазуы бар плакат болды.

- Соңғы үш жылда туыстарым мүлде хабарсыз кетті. Ең соңғы рет хабарласқан кезде жиенім маған "көп хабарласуға болмайды" деп айтты. Содан кейін хабар-ошар мүлде үзілді. Ол уақытқа дейін жиі араласып тұратын едік, - деді Марат Құрбанов Азаттық тілшісіне.

Ол Шыңжаңдағы туыстарын "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамаған болуы мүмкін деп топшылайды.

Марат Құрбанов пикет кезінде бұған қоса, "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған, қазір Өскеменде тергеу изоляторында отырған Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтармау қажеттігін айтты.

Көрме орталығы маңында тұрған сақшылар келіп, Құрбановтан акция жайлы сұрапған, сәлден соң кетіп қалған.

Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген.

Былтырдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған.

Қазан айының басында АҚШ "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп" Қытайдың бірнеше компаниясы мен шенеунігіне санкция салған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG